Қайрат Сатыбалды бостандыққа шығады

Сырым Қаржас

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлына шыққан үкім өзгерді, деп хабарлады Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Сот шешімі

Бас бостандығынан айыру орнындағы мерзім бостандықты шектеуге ауыстырылды.

Өз өтінішінде ол келтірілген залалды өтегенін, сондай-ақ мемлекетке 700 миллиард теңгеден астам ақша мен мүлікті өз еркімен бергенін мәлімдеген.

Сот оның өтінішін қанағаттандырып, бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігін 3 жыл 3 ай 7 күн мерзімге ауыстырды. Ол пробациялық бақылауға алынады.

Қайрат Сатыбалдының өтінішхатын Өскемен қаласының №2 соты қараған.

Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған

Қайрат Сатыбалды Қаңтар оқиғасынан кейін – 2022 жылы наурызда қамалды. Артынша "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларынан ақша жымқырды деген айыппен 6 жылға сотталып, түрмеге қамалған. Биыл қаңтарда билік Қайрат Сатыбалды мемлекетке 650 млрд теңге қайтарғанын хабарлады.

Қайрат Сатыбалды Назарбаев президент болып тұрған тұста елдегі ең ықпалды бизнесмендердің бірі болды. Forbes Kazakhstan журналы оның байлығын 163 миллион долларға бағалаған.

Ол бір жылдары Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің кадрлық қызметіне жетекшілік еткен. Qazaq oil, Қазақстан темір жолы компанияларының вице-президенті болды. 2010-2015 жылдары Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік еткен билік партиясының хатшысы қызметін атқарды. Қамалғанға дейін Қайрат Сатыбалды бірнеше коммерциялық компанияны басқарып, Қазақтелеком компаниясының акцияларына иелік еткен.

Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген мүліктер тізімі

Жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген мүліктердің тізімін жариялаған еді. Миллиардтаған активтерді мына тізімнен көруге болады. Ал Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті Қайрат Сатыбалдыұлының кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімінің шарттарын орындау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын тағы хабарлаған.

Сатыбалды не үшін сотталды

Қайрат Сатыбалды тұтқындалған кезде оның басқа қылмыстарға да қатысы болуы мүмкін екені айтылған-ды. Тағылған айыптардан бөлек, Сатыбалды «салықтар мен кедендік төлемдерден жалтару, қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша» қосымша тергеліп жатқаны хабарланды.

Ал 2022 жылдың қыркүйегінде Астанадағы Байқоңыр ауданының соты үкімді жариялады. Қайрат Сатыбалды қылмыстық істің тағы төрт фигуранты – ОКҚ директорлар кеңесінің төрағасы Марат Мұхамеджанұлымен, ОКҚ президенті Гайни Бекетовпен, «Қазақтелеком»АҚ корпоративтік бизнес директоры Леонид Муравьевпен және спортшы Шыңғыс Қонарбаевпен бірге екі компанияға – «Қазақтелеком» АҚ және «Көлік қызмет көрсету орталығы» АҚ-ға ұрлық жасады және мүліктік зиян келтірді деген айыппен кінәлі деп танылды.

Сот сотталушыларға «Көлік қызмет көрсету орталығы» компаниясынан 28 миллиард теңгеден астам қаражат ұрлады және «Қазақтелеком» компаниясына 12 миллиард теңгеден астам мөлшерінде материалдық залал келтірді деген айыпты дәлелдеді.

Сатыбалды алты жылға бас бостандығынан айырылды, мүлкі тәркіленді. Президентке оның мемлекеттік наградалары мен ҰҚК генерал-майоры атағынан айыру туралы ұсынылды. Сондай-ақ 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынды. Бұл істің қалған қатысушылары шартты мерзімге сотталды. Бекетов пен Мұхамеджанұлы 6 жыл, Муравьев пен Қонарбаев 2,5 жыл «арқалады».