Книжевское тоғаны жарылып, жолды су басты

Ulysmedia

Алматы облысындағы Книжевское су қоймасында жырық пайда болды деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ҚР ТЖМ

«2021 жылғы 21 қарашада сағат 23.13-те Алматы облысының ТЖД-не Алматы облысы Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылының маңында Книжевское су қоймасы бөгетінің денесінде жырық пайда болғаны туралы хабарлама келіп түсті (су қоймасының көлемі 4,47 млн текше метрді құрайды, қазіргі уақытта 50% толтырылған), серпілістің ені 5-6 метр, суды ағызудың болжамды көлемі шамамен секундына 30 текше метрді құрайды», – деді ҚР Төтенше жағдай министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Оның сөзінше, су Қарғалы өзенінің арнасымен ағып кетуде, одан әрі Іле ауданының Күрті су қоймасына құяды (толтыру пайызы – 14%, жобалық көлемі -120 млн текше метр).

Оқиға салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер, сондай-ақ тұрғын үйлерді су басу жоқ, облыстық маңызы бар «Мыңбаев-Қасымбек» автожолы арқылы су асу дерегі бар. Полиция қызметкерлері қозғалысты шектеу бойынша бекеттер қойғаны белгілі болуда.

«Аққан судың көлемі төмендеуде. Қарғалы өзенінің арнасы бойынша визуалды бақылау жүргізілуде, қазіргі уақытта елдімекендерді су басу қаупі жоқ», – деп сендіреді министрлік өкілі.

Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД басшысы бастаған құтқарушылар, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері және басқа да мүдделі қызметтер барып, төтенше жағдайды жою штабы құрылған.