ЭКСПО-ның миллиардтары және тергеу құпиясы: Айдос Есполовтың ісі туралы не белгілі

Ulysmedia коллажы

Ulysmedia.kz редакциясы ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық кезінде миллиардтаған қаржыны жымқыру ісіне қатысы бар деп айтылған Айдос Есполовқа қатысты тергеудің қалай жүріп жатқанын анықтауға тырысты. Ол ұсталғанына 11 айға жуық уақыт өтсе де, оның қазір қандай процестік мәртебеде екені де белгісіз.

Бір жылға жуық уақыт бойы ақпарат жоқ

Редакция Есполовтың ісіне қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сауал жолдаған. Комитет қысқаша жауап берген:

– Сіздерді қызықтыратын мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды, – делінген ҰҚК жауабында.

Іс туралы не белгілі?

Айдос Есполовтың ұсталғаны 2025 жылдың қарашасында белгілі болды. Сол кезде ҰҚК оған қатысты тергеу жүріп жатқанын ресми түрде растады. Істің ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің нысандарын салу кезінде пара алу және 2,2 млрд теңгені жымқыруға қатысты болуы мүмкін екені хабарланған.

Содан бері бұл іс бойынша жаңа ақпарат жарияланған жоқ. Тергеудің қай бап бойынша жүргізіліп жатқаны және материалдардың сотқа жолданған-жолданбағаны белгісіз.

Ескі ЭКСПО-2017 ісі

Есполовтың есімі ЭКСПО-ға қатысты оқиғада оны ұстауға дейін көп ұзамай аталған. Бұған дейін «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Мұрат Омаров Ulysmedia.kz-ке көрме нысандарын салу кезінде мердігерлердің жұмысын Есполов қадағалағанын айтқан.

Осындай мәлімдемені бұрын ұлттық компанияның экс-басшысы Талғат Ермегияевтің адвокаттары да жасаған.

ЭКСПО-2017 ісі сол кезеңдегі ең ірі сыбайлас жемқорлық істерінің біріне айналды. Бюджет қаражатын иемдену және ысырап ету бойынша 20-дан астам адам сотталған.

Мұнай саласынан жеке университетке дейін

Енді Айдос Есполовтың кім болғанына тоқталайық. Ол 1976 жылы дүниеге келген. Қазақ ұлттық аграрлық университетін «экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған, экономика ғылымдарының докторы.

Әр жылдары «ҚазМұнайГаз» компаниясының корпоративтік даму департаментін басқарған, Атырау мұнай өңдеу зауытында коммерциялық директор және Сенат аппараты басшысының көмекшісі болып жұмыс істеген.

2006 жылы Ақтөбе әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Кейін бизнес пен білім саласына ауысты.

Ол Алматыдағы Еуразиялық технологиялық университеттің жалғыз құрылтайшысы болды. Бұл ақпарат жоғары оқу орнының аккредиттеуге қатысты құжаттарында да расталған.

Есполовтың есімі Alatau Asset Management Company компаниясымен де байланыстырылған.

Есполовтар әулетінің Қазақстанның тұңғыш президентінің отбасымен де байланысы бар. Бұған дейін Айдос Есполов марқұм Болат Назарбаевтың қызы Гүлмира Назарбаевамен некеде болған. Сондай-ақ БАҚ-та оны Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы Әсел Исабаеваның ағасы деп атаған.