Қарағандыда жедел жәрдем көлігі жүргізушісін сабаған Нұрболат Дәкебаевтың ісі бойынша кезекті сот отырысы болып өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Бас бостандығымнан айырмауыңызды өтінемін”
– Құрметті сот, мен болған іске қатты өкінемін. Зардап шегушіден, сізден, отбасыларыңыздан, қоғамнан кешірім сұраймын. Істеген ісіме қатты өкінемін. Ісім бүкіл қоғамды шошытқанына қатты өкінемін. Жеті ай бойы абақтыда отырып, көп нәрсені түсініп, таразыладым. Сот мырзаға айтарым, маған шешім шығарарда бостандықтан айырмауыңызды сұраймын. Үш балам барын, әке-шешемнің барын ескеруді сұраймын. Әділетті шешім шығаратыныңызға сенемін, – дейді Дәкебаев.
Оқиға жайлы
Еске салсақ, Қарағандыда соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі Төреғали есімді жігіт атышулы оқиғаның қалай болғанын айтып берген болатын.
Кейін «Жедел жәрдем» жүргізушісіне дене жарақатын келтіру бойынша күдікті Нұрболат Дәкебаев қолға түсіп, кешірім сұрады.
Осы оқиға қоғамды дүрліктіргенде депутаттар да пікір білдіріп, бұзақыны ел алдында қатаң жазалау керек екенін айтқан еді. Мәселен, депутат Елнұр Бейсенбаев Дәкебаевтың әрекетін әбден шектен шыққандық деп бағалаған.
Сондай-ақ бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан ер адам жазалануы керек деп есептейді. Оның айтуынша, Сенатқа еніп кеткен денсаулық сақтау саласына қатысты заң жобасына қызмет бабындағы медицина қызметкерлерін қорғайтын қосымша норма енгізу керек.