Тоқаев жемқорлыққа қатысы бар басшылар қатаң жазаланатынын мәлімдеді

Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді. Президент мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын айтып, тергеу жұмыстарының ашық жүргізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Тоқаевтың айтуынша, кеше бұқаралық ақпарат құралдарында «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Ол мұны мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай деп бағалады.

Президент тергеу мәселелерін жариялауға заң бойынша рұқсат жоқ екенін, оның үстіне тергеу жұмысы енді басталғанын атап өтті. Дегенмен бұл «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы жарияланып, оның негізгі қағидаттары Конституцияда бекітілгелі бері біртұтас жүйеге кіретін мемлекеттік компанияларда тіркелген сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс екенін айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Конституцияның 15 наурызда жалпыұлттық референдумда бірауыздан қабылданып, 1 шілдеде заңды күшіне енгенін еске салды. Оның сөзінше, негізгі заңды бұзуға, халықтың осы құжатын келемеждеп, кемсітуге ешкімнің құқығы жоқ.

Конституцияны менсінбегендер қатаң жазаланады

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны күлкі қылу мен оның негізгі ережелерін менсінбеу халықты кемсітумен бірдей екенін айтты. Мұндай әрекетке барғандар «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң жазаға тартылатынын ескертті.

Президент мемлекеттік компаниялардың жұмысы елдің абыройына, ұлттық институттарға деген қоғамдық сенімге және Қазақстанның халықаралық беделіне тікелей әсер ететінін атап өтті.

Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» қоры стратегиялық активтерді басқарады, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырады, шетелдік компаниялармен және халықаралық қаржы институттарымен жұмыс істейді. Мұндай серіктестіктердің артында ұзақ келіссөздер, халықаралық қауымдастықтың Қазақстанға деген сенімі және мемлекетке жүктелген нақты міндеттер тұр.

Үш жылда 3 168 жемқорлық құқықбұзушылығы анықталған

Тоқаев соңғы үш жылдағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты статистиканы да жариялады.

– Тек кейінгі үш жылдың ішінде, яғни 2023 және 2025 жылдар аралығында 3 168 сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылық анықталды, соның ішінде 2 165 құқық бұзушылықты мемлекеттік қызметшілер жасаған, ал қалғанын басқа да тұлғалар, атап айтқанда, квазимемлекеттік сектор қызметшілері жасаған. Жалпы сомасы – 248,2 миллиард доллардан асады, – деді президент.

Оның сөзінше, биылғы жылдың он айында 751 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы тіркелген. Оның 546-сын мемлекеттік қызметшілер, 205-ін басқа тұлғалар, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасаған.

Мемлекет басшысы бұл статистика елдегі жемқорлық ахуалының күрделі екенін көрсететінін айтты. Сонымен бірге билік бұл мәселені жасырмайтынын, сыбайлас жемқорлықты жою үшін қабылданған және алдағы уақытта қабылданатын шаралар туралы халыққа ашық ақпарат беретінін жеткізді.

Президент түрлі деңгейдегі басшылардың жымқыруға қатысты құқықбұзушылықтарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі Бас прокуратурамен бірлесіп жедел әрі мұқият тексеретінін мәлімдеді.

– «Өзіміздікі» және «өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Контекст

11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отынышиевті ұстады. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми хабарлады.

Ведомство басшыларға қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша күдік бар екенін мәлімдеді. Олармен бірге өзге де адамдар ұсталған.

Ulysmedia.kz дереккөздерінің мәліметінше, Жақыпов пен Отынышиев уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Бұған дейін Нұрлан Жақыпов пен Елжас Орыншиевтің ұсталған сәті түсірілген фото мен видео тараған еді.

Сізге қызық болуы мүмкін