Жоғарғы сот Жанболат Мамайдың кассациялық шағымын қарайды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Маусым айында Жанболаттың қорғаушысы Демократиялық партия жетекшісінің қылмыстық ісі бойынша Жоғарғы Сотқа кассациялық шағым түсірген.
Істі тыңдау 9 қыркүйекте Астанадағы Жоғарғы сотта сағат 15-00-де басталатыны белгілі болды.
Жоғарғы Соттағы отырыс офлайн режимінде өтеді», - деп жазды Мамайдың жұбайы, белсенді Инга Иманбай Фейсбукте.
Ол сот отырысына журналистер мен халықаралық бақылаушыларды да шақыра кеткен.
Еске салайық, сот Жанболат Мамайды 6 жылға шартты түрде соттады. Оған қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салынды. Жанболат Мамайға «Қасақана жалған ақпарат тарату» (274-бап), «Билік өкілін қорлау» (378-бап) және «Жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру» (272-бап) бойынша айыптар тағылған еді. Алғашқы екі айыптау 2021 жылғы оқиғаларға, ал үшіншісі 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға қатысты.
Маусымда апелляциялық сот тіркелмеген Демпартия көшбасшысына шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырған болатын.
Мамай ісін зерделеген БҰҰ жұмыс тобы Қазақстан үкіметіне үндеу жолдап, белсендінің негізсіз сотталғанын мәлімдеген.