Маңғыстауда оқ тиіп қаза болған сарбаз туған ауылында жерленді

Сырым Қаржас

Шығыс Қазақстан облысының Самар ауылында Маңғыстаудағы "Оймаша" полигонында қаза тапқан сарбаз Марат Ерболұлы Барқұлов жерленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ulysmedia.kz

Сейсенбі күні Ulysmedia тілшісі Самар ауылына барған. Ол ауылда 19 жастағы Марат Ерболұлы Барқұловтың жерлеу рәсімі өтті, ол қызмет кезінде "рұқсатсыз атылған оқтан" көз жұмған.

Марқұмның туыстары мен жақындары оны соңғы сапарға шығарып салды.

Еске сала кетейік, Маңғыстау облысындағы "Оймаша" полигонында сарбаз көз жұмғанын хабарлағанбыз. Қайғылы оқиға "Батыс" өңірлік қолбасшылығы бөлімдерінің жиыны кезінде болған. Бейресми ақпаратқа сәйкес, 17:10 шамасында лагерь бойынша кезекші, гвардия лейтинанты ПМ 9 мм тапаншасынан оқ атқан. Атылған оқ қатардағы жауынгер Марат Ерболұлы Барқұловтың бетіне тиген. Сарбаз ауруханаға жеткізілгенімен оны аман алып қалу мүмкін болмаған. Сағат 17:40 шамасында ол көз жұмған.

Әкесі баласының абайсызда өлім құшқанына сенбейді. Ол Қорғаныс министрінен бұл жағдайды өз бақылауына алып, тергеудің әділ жүргізілуін талап етті.