«Олар бізден не қалайды?» Ауғанстанда әйелдерге қатысты жаңа заң шықты

Әлихан Асқақ

Тәліптер билікке келгеннен кейін Ауғанстандағы әйел құқығы айтарлықтай шектелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

Ондағы әйелдер енді оқи алмайды, көптеген салаларда жұмыс істей алмайды, өздігінен саяхаттай алмайды, көпшілік алдында ашық жүзбен көрінбейді, тіпті қоғамдық орындарда сөйлей алмайды.

ОЛАР БІЗДІҢ ҮНІМІЗДІ АЛЫП ҚОЙДЫ

Тамыз айының аяғында Талибан билігі жаңа заңға қол қойды. Онда әйелдер қандас туыстары немесе күйеуінің туыстары болмаса, өзге еркектермен беті ашық сөйлесе алмайды. Одан бөлек, қоғамдық орындарда бетпердесіз (паранжасыз) жүруіне болмайды.

Әуелі бізге мектепте, университетте оқуға тыйым салды. Одан кейін хиджаб киюге мәжбүрледі. Енді сөйлеуімізге, бет-әлпетімізге тыйым салып отыр. Олар бізден не қалайды? – дейді Мазари-Шарифтің 27 жастағы тұрғыны Мадина.

Таліптер әйелдердің қоғамдық ортада ән айтып, дауыстап оқуына тыйым салды. Себебі әйел адамның дауысы «интимді» болып саналады. Әйелдер бұдан былай ондай әрекеттерді тек үйлерінде ғана жасай алады.

ЖАҢА ЗАҢ

Тәліптердің жаңа заңы бойынша, бұдан былай әйелдер толықтай бүркеніп жүруі керек. Олардың киімі денеге жабысып тұрмайтын, ұзын болуы тиіс. Әйтпесе әйелдердің ашық денесі «өзгелердің нәпсісін оятып, құмарын қоздырады».

Сонымен қатар, әйелдер өзге дін өкілдері алдында, ол әйел болса да жүзін жасырып, бетін жауып жүруі керек.

Ал қандай да бір аллергия немесе басқа да себептермен бетін бүркемесе, үйден шықпауы керек. Шықса, маска киіп немесе махраммен бірге шығуы керек. Егер бетін ашып шықса, «соңы жақсы болмайды». 

СУИЦИД КӨБЕЙГЕН

Махрам – әйелдің еркек туыстары: әкесі, ағасы, күйеуі немесе ересек ұлы. Бұдан былай әйелдер көшеге тек осы адамдармен бірге ғана шығады.

Бұдан бөлек, ауған әйелдері ендігіде оқи алмайды және қоғамның бірқатар саласында жұмыс істей алмайды.

Ауған әйелдерінде депрессия ұлғайып барады. Өз-өзін құнсыздандыру, адамдармен араласудың аздығы, жекебас байланысы мәселелері көбейген. Осының барлығы олардың құқығының шектелуінен, таңдау еркін шектеуден болып отыр – дейді психолог Роха Карими.

Соңғы кезде бұл елде әйелдер арасындағы суицид саны өсіп барады.