Батыстық барлау қызметтері Ресей Қытайда жасырын түрде дрон жасап шығарғанын хабарлады

Әлихан Асқақ

Еуропалық барлау қызметтері Ресей Қытайда Украинаға қарсы соғыста қолданғысы келетін жауынгерлік дрондың жаңа моделін шығарып, оны сынақтан сәтті өткізгенін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Ашық дереккөз

ҚҰПИЯ ӨНДІРІС

Агенттіктің ақпаратында Ресейдің "Алмаз-Антей" мемлекеттік концернінің бақылауындағы "Купол" Ижевск электромеханикалық зауыты жайлы сөз болады. 

Reuters агенттігінің хабарлауынша, "Купол" аты аталмаған қытайлық мамандармен бірлесе отырып, 2024 жылдың басында ҚХР-да "Гарпия-3" ҰҰА-ны сынақтан өткізіп, кейін Ресей Қорғаныс министрлігіне толыққанды есеп жіберген. "Алмаз-Антея" еншілес компаниясы бұған дейін де дрондардың осы түрінің алдыңғы моделін өндіру үшін ҚХР-дан компоненттерді қолданған, деп жазды агенттік бұған дейін.

ГАРПИЯ-3

БАҚ-қа түскен "Купол" құжаттарынан "Гарпия-3" 50 кг пайдалы жүктемеге дейін көтеріп, шамамен 2000 шақырым ұша алатынын көруге болады. ҚХР-дағы сынақтардан кейін Қытайда өндірілген "Гарпия-3" және басқа да дрондардың бірнеше даналары Ижевск қаласына қосымша сынақтар үшін жеткізілді, деп жазады агенттік.

"Купол" сонымен қатар Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне Қытайда "ірі көлемде" ҰҰА өндірісін құра алатындығы және оны кейін Украина жерінде пайдалануға болатындығы туралы есеп берді. 

Ижевск кәсіпорны, "Алмаз-Антей" және Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі Reuters агенттігінің түсініктеме беру туралы өтініштеріне жауап бермеген. Қытай СІМ агенттікті Пекин мұндай жобалар туралы білмейді және ҰҰА экспортына қатысты "қатаң бақылау шараларын" қолданады деп сендірген.

Батыс елдері Иран, Солтүстік Корея мен Қытайды Ресейге қару жасауға, жеткізуге көмектесіп жатыр деп жиі айыптайды. Тараптар мұндай айыптауларды не жауапсыз қалдырады, не терістейді.