Украинадағы соғыс. АҚШ тағы да қару-жарақ береді

Әлихан Асқақ

АҚШ мемлекеттік департаменті Вашингтон Киевке тағы 375 млн доллардың қару-жарағын жіберетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

НЕ БЕРЕДІ

Азаттық радиосының мәліметінше, Ресейдің толассыз шабуылдарынан қорғануға "шұғыл қажет қару-жарақ" пакетіне HIMARS оқ-дәрілері, артиллерия снарядтары, атыс қарулары, кассеталық оқ-дәрілер және түрлі типтегі танкіге қарсы зымырандар кіреді.

АҚШ бұған қоса Украинаға жеңіл әскери көліктер мен патруль катерлер береді.

КӨМЕК

Ресей Украинаға басып кірген екі жылдан астам уақыт ішінде 41 ел Киевке әскери, қаржылай, гуманитарлық жағынан көмек көрсеткен.

Қазірге дейін Украинаға АҚШ 75 млрд доллардан астам, Германия – 14,7 миллиардқа жуық, Ұлыбритания – 13 миллиардтан астам қаржы бөлді. Басқа елдердің берген көмегі олардан аз.

АҚШ-ҚА САПАР

Украина президенті ресми сапармен жексенбіден бері АҚШ-та жүр. Ол АҚШ президенті Джо Байденге, Конгресс мүшелеріне, президенттікке кандидат Камала Харрис пен Дональд Трампқа украиналық «жеңіс жоспарын» таныстырмақ.

 Wall Street journal басылымының жазуынша, АҚШ презеиденті Джо Байденнің әкімшілігі Украина ұсынып отырған «Жеңіс жоспарына» көңілі толмаған.

«ЖАҢА НӘРСЕ ЖОҚТЫҢ ҚАСЫ»

Байден әкімшілігі “Жеңіс жоспарында” ауқымды ештеңе жоқ екеніне алаңдаушылық білдірген. Ұсыныстар негізінен көбірек қару мен алыс қашықтыққа ұшатын зымырандарды қолдануға рұхсат сұраудың айналасында.

«Мені таңғалдырмады, ол жерде жаңа нәрсе жоқтың қасы» дейді басылым дереккөзі.

WSJ-мен әңгімелескендер Зеленскийдің ұсыныстары ымыраға келмейтін талаптар екенінін, дипломатия мен саясатқа арналған бөлімдер егжей-тегджейлі жазылмағанын, тек қару беруді сұраған тұстары көп екенін жеткізген.