"Алматы көшелерінде лесбиан өріп жүр". Феминита қозғалысы "Лесбиан құрылтай" өткізуге кедергі жасалғанын айтты

Ғалиасқар Думан

"Феминита" ұйымы Алматыда 7-10 қазан күндері өткізбек болған "Лесбиан құрылтайға" әкімдік кедергі келтіріп отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

adamdar.ca

НЕ ЖАҒДАЙ

Ұйым мүшелері қозғалыстың инстаграм парақшасында Алматы қаласының әкімдігі жоспарланған құрылтайға кедергі келтіріп отыр деп сторис жариялады.

Ұйымның басы қасында жүрген белсенділер Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержанның сөзінше, оларға 4 қонақ үй мен 1 коворкинг-орталық орын беруден бас тартқан. Олар мұны әкімдікпен байланыстырып, өздерін әкімдіктің “қара тізіміндеміз” деп санайды.

“Алматы қаласының әкімдігі бизнеске қысым көрсетіп, “біздің “Лесбиан құрылтай” өткізуімізге кедергі жасап бағуда. Артық қылам деп тыртық қылған себепті, қазір Алматы қаласының барлық көшесінде лесбиандар өріп жүр” – дейді ұйымдастырушылар.

“ЛЕСБИАН ҚҰРЫЛТАЙ”

"Феминита" ұйымы Алматыда 7-10 қазан күндері "Лесбиан құрылтайға" деген атпен жиын өткізетінін жазда хабарлаған. Ол жерге лесбиан, бисексуал, куир және транс әйелдер қатысатыны айтылған.

Жиында экология, капитализм тәуекелдерін талдау, АЭС салуға бірлесе тосқауыл қою мәселесі талқыланады делінген.

“Сондай-ақ Феминита ұйымының 10 жылдығын атап өтіп, экология манифестін жазып, феминистік партия құруды жоспарлаймыз” деген.

"Феминита" өзін қоғамнан шетқақпай көретін әйелдердің құқықтық, әлеуметтік жағдайларына байланысты құқығын қорғаумен айналысатын ұйым ретінде сипаттайды.

ЖУРНАЛИСТ ЖАЗБАСЫ

Журналист Ораз Әлімбеков лгбтшылар Құрылтай сөзін қолдану арқылы қазақ халқының мәдениеті мен тарихына түкіріп отыр, олардың мақсаты алауыздық тудыру деп санайды.

“Ата-бабаларымыз үшін Құрылтай ұлттың тағдырына қатысты шешім қабылданатын, елдің болашағы үшін жауапты істер талқыланатын, рухани және мемлекеттік маңызды шара болған. Мұндай жиындарда ұлттың бірлігі, елдің тыныштығы мен тұрақтылығы сөз етілген. Ал мынау лгбтшылар елдің қамы, елдің бірлігі үшін тірлік етіп жатқан жоқ. Қайта қазақ қоғамында алауыздық тудыруды көздейді. Сондықтан, дәл осы Құрылтай сөзін кез келген мақсаттағы іс-шараларға қолдану – қазақ халқының ұлттық рухын, мәдени құндылықтарын аяқасты ету”дейді журналист facebook парақшасында.