«Күдіктілердің жартысы ұсталған жоқ»: Талғарда бір топ жігіттің қолынан өлген баланың туыстары әділдік іздейді

Сырым Қаржас

Талғарда бір топ жігіттің қолынан мерт болған баланың туыстары күдіктілердің жартысы ұсталмаған деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бақыт Реймова/ТІКТОК

ӘКЕСІНЕ АРАША ТҮСКЕН

Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан.

Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай жасөспірім жансақтау бөлімінде көз жұмған. Қара жамылған отбасы жігіттердің үш көлікпен келгенін айтады. Олардың қасында қыз балалар да болған деген мәлімет бар.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Оқиғаның барлық қатысушылары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Алайда полиция неше адам қамауға алынғанын нақтыламаған.

– Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларының толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында , – делінген хабарламада.

“БІЗГЕ ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРДІ КӨРСЕТСІН”

Шерзат Қаржаубайұлының әпкесі Бақыт Реймова әлеуметтік желіге шығып, істің мән-жайынан хабар берді.

– Дәл қазір мен Талғарға бара жатырмын. Өйткені іс жүрмей жатыр дейді. Сол жерде толық болған адамдарды ұстамаған. Ұстағанда да жартысын ұстап, жартысын ұстамаған. Талғар қаласына жиналуды сұраймын. Бізге қол ұшын беруіңізді сұраймын. Бізге қазір подполковник қылмыскерлердің түрін көрсетеміз деді. Біз қылмыскерлердің бәрін ұстасын, бізге көрсетсін деп отырмыз. Бізге телевидение шақырып отырмыз. Резонанс көтермесе, бізді еститін ешкім жоқ.

Бауырымды оқуға түсіріп, үйлендіреміз деп едік. Әскери адам болам деуші еді. Тойында қызмет жасаймын деп жүрген кезде міне, қабіріне келдік. Қанішерлердің қолынан өліп, мұздай жерде жатыр. Әлі өмір көрген жоқ. Кішкентай ғана бала. Қаншама армандарын тас-талқанын шығарды. Өте өкінішті. Ботам, бұлай болмауы керек еді, – дейді ол.

Туыстарының айтуынша, Талғардағы оқиғада кемі 13 адам болған. Алайда полиция 7 адамды ұстаған.

АШЫҚ СОТТЫ ТАЛАП ЕТЕМІЗ

Марқұмның әкесі Бас прокурор Берік Асыловқа үндеу жасады.

– Бас прокурор Берік Ноғайұлына үндеу жасағым келеді. 3 күні түнде иттік өлімнен қайтыс болды. Сол кезден бері  прокурор, РОВД бастығы, ешқандай іс әрекет жасамай отыр. Қылмысты бұрмалап отыр. Менің марқұм баламның аты-жөнін де білмейді. Қал-жағдайымызды сұрауға да шамалары жетпей тұр. Түн жарымда тергеуге шақырып, өзімізді қорқытып, өзімізге арыз жаздырып отыр. Сізден ашық сот болуын сұраймыз, талап етемін. Өлетін балам өлді, қамаса мені де қамасын, мен ашық сотты талап етемін. Менің баламмен жасты балалар өлмесін, пышақталмасын, аналар жыламасын деймін. Халық алаңға мені көріп өзі жиналып жатыр, – дейді әкесі.