«Орман екпелерінің жағдайы нашар»: Нысанбаев облыс әкімдіктеріне сын айтты

Аян Өрібай

Бұл шаруаға бұрын қаражат бөлмеген облыс әкімдіктері де кірісе бастады. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

НЫСАНБАЕВ НЕ ДЕЙДІ

Министрдің сөзінше, кейінгі жылдары қолға алынған шаралардың арқасында елде орман аумағының көлемі 5 пайызға дейін артқан. Соңғы 5 жылдың ішінде республиканың орманмен көмкерілген жерінің аумағы 267 мың гектарға көбейген.

– Ормандарды сақтап қалу мақсатында орман қорғау мекемелерін өртке қарсы техникамен жабдықтау, орман шаруашылығындағы қызметкерлерді әлеуметтік қолдау (тәуекелдер үшін 100% үстемақы төлемі) бойынша бірқатар шаралар қабылданды. Былтыр республикалық және жергілікті бюджеттерден 15,9 млрд теңгеге 526 (бірлік) өртке қарсы және күзет техникасы сатып алынса, биыл еліміздің орман шаруашылығы тарихында алғаш рет 52,0 млрд. теңге бөлініп, 1384 бірлік өртке қарсы техника және 921 тіркелетін, іліп қойылатын жабдық сатып алынды, оның ішінде  40,0 млрд теңге лизинг есебінен бөлінді, – дейді ол.

Нысанбаевтың сөзінше, аталған шаралар еліміздегі жиі орман өрті болатын өңірлердегі орман қорғау мекемелерін 100% дейін жарақтандыруға мүмкіндік береді.

ОРМАН ӨРТТЕРІ

Министр берген мәліметке сүйенсек, бір орман өртінің алаңын орташа алғанда былтырғы 97 гектардан биыл 64,5 гектарға дейін қысқартуға  қол жеткізілген. Бұл ретте Семей және Ертіс орманы резерватындағы бір өрттің алаңы орташа 340 гектардан 0,2 гектарға дейін қысқарған. Биылғы 6 қазанда Қарағанды облысының аумағынан Баянауыл ұлттық паркінің аумағына өткен өртті мүдделі ұйымдардың барлығы жұмылып, қысқа мерзімде оқшаулаған.  

Бұған қоса мемлекеттік орман қорының 961 мың гектары өртті ерте анықтау жүйесімен қамтылып, келесі жылы осындай жүйе 3,1 млрд теңгеге «Семей орманы» резерватында орнатылмақ.

АРАЛДАҒЫ МӘСЕЛЕ

Кейінгі төрт жыл ішінде 651 мың гектар алаңда, атап айтқанда Арал теңізінің суы тартылған 413 мың гектар жерінде ормандарды молықтыру жұмыстары жүргізілген. Ал елімізде жалпы 975 млн дана екпе көшет егілген.

– Ағаш отырғызу көлемін арттыру шаралары орман питомниктерін дамытуға да зор ықпал етіп  отыр. Кейінгі төрт жылдың ішінде 1300 га жердегі орман питомниктері реконструкцияланып, жаңа питомниктер  жасалды. Отырғызылған көшеттердің жерсініп кетуі бойынша алынған деректер қолдағы бар орман питомниктерінің жеткіліксіз екенін, ал оларды өсіру технологиясы ескіргенін көрсетіп отыр. Осыған байланысты еліміз бойынша қосымша жалпы алаңы 1 176 гектарды құрайтын 114 жаңа питомник салып, 1 орман питомнигін реконструкциялау қажет, – дейді ол.

ҚАРАЖАТ МӘСЕЛЕСІ

Облыс әкімдіктері орман питомниктерін реконструкциялауға және жабдықтауға биылдан бастап қана 1 млрд теңгеден астам сомаға қаржы бөле бастаған.

Министрдің сөзінше, еліміздің мемлекеттік орман қорында 5,2 млн гектар шамасында орман отырғызуға болатын жер бар.

– Облыс әкімдіктері орман отырғызуға жарамды топырақ іздестіру жұмыстарын жүргізіп, сол бойынша тиісті жұмыс жобаларын әзірлеу керек. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауды және еліміздің орманды жерлерінің аумағын  ұлғайтуды қамтамасыз етеді, – дейді ол.

Сонымен қатар министрлік биыл бірқатар өңірлерде орман шаруашылығы жұмыстарына тексеру жүргізген. Тексеру барысында Ақмола, Жамбыл, Қызылорда және Қарағанды облыстарында алаңдардың жобаға сәйкес келмеуі фактілері анықталды. Көшет отырғызуда жұмыс жоспарларының схемалары бұзылған, орман екпелері жағдайының нашар екені анықталған. Нысанбаев тексерулердің қорытындысы бойынша тиісті материалдар облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарына жіберілгенін хабарлайды. Алматы облысында, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында тексерулер жалғасып жатыр.