Елімізде жыл басынан бері 14 жасқа толмаған 6 қыз жүкті болып қалған

Қалижан Бектемір

Аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шәкизат Халықова жасөспірім қыздар арасында 257 аборт тіркелгенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

1651 ЖҮКТІЛІК ТІРКЕЛГЕН

Бүгінгі таңда 270 мыңға жуық әйел жүктілік бойынша есепте тұр.

Жыл басынан бері 18 жасқа дейінгі жеткіншектер арасында 1 651 жүктілік және 257 аборт тіркелді. 

Ай сайын 18 жасқа дейінгі жүктілік пен аборт саны қаралып отырады. Былтыр 2023 жылдың 9 айында жасөспірімдер арасында 2 288 жүктілік пен 385 аборт тіркелген еді. Ал биылғы 9 айда – 1651 жүктілік және 257 аборт болған, – деді Ш. Халықова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

СТАТИСТИКА ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Спикер 14 жасқа дейінгі және 15-17 жас аралығындағы жүктілік статистикасы бөлек жүргізілетінін атап өтті.

Өткен жылы 14 жасқа толмаған қыздар арасында 9 жүктілік жағдайы анықталды. Әрине, мұндай ерте жаста көп жағдайда зорлық-зомбылық салдарынан жүкті болған жағдайлар бар, бұл енді Әділет министрлігінің құзырындағы ақпарат. Біздің міндетіміз – жүктіліктің барлық кезеңінде медициналық көмек көрсету және бұл көмектер толыққанды көрсетілді. Биыл 14 жасқа толмаған 6 қыз бала көтерген, – деп толықтырды Ш. Халықова.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 15 жастағы ұлдардың 35%-ы қорғалмаған жыныстық қатынасқа түсетінін жазған болатынбыз.