Жасөспірім Шерзат Болаттың өлімі. Оқиға орнына ІІМ орынбасары барды

Қалижан Бектемір

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Талғарда болған қанды оқиға орнына барды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ulysmedia

ЖЕДЕЛ-ТЕРГЕУ ТОБЫ ҚҰРЫЛДЫ

Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша мен оқиға орнына келдім. Жедел-тергеу тобы құрылды. Менімен бірге Ішкі істер министрлігінің өкілдері қызмет атқаруда. Бейнежазбалар тексеріліп, куәгерлерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қылмыскерлер ұсталып, жауапқа тартылатын болады. Қылмыстық іс министрдің ерекше бақылауында, - деді Бауыржан Аленов.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. Көп өтпей марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы, құқыққорғаушы Айтбек Амангелді Талғарда өлтірілген бозбаланың отбасына тегін адвокат тауып беретіні хабарланды.

Бұған дейін қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.