Талғардағы трагедия. Марқұмның әпкесі үндеу жасаған ақсақалдар қаралы отбасыға келмегенін айтты

Айнель Аянова

Талғардағы төбелесте қаза тапқан Шерзат Болаттың әпкесі – марқұмның әкесінің қарындасы Перизат Нұрымова ақсақалдар қазаға күдікті ретінде қамауға алынғандардың ауылы “Хутор” туралы, қылмыс әлемінің авторитеті делінген ауылдастары Хасан Қасымбаев туралы бейнеүндеу жасағанша, неге біздің алдымызға келмейді деп ашынады.

Ulysmedia.kz

“Әркім өзін ақтап алуға құқылы. Кім ауылын жаман десін. Оларда азамат бар болса, ер бар болса, қайғыны түсініп тұрса, менің әкемнің алдына, бауырымның алдына келер еді ғой. “Ауылымыздың балалары осыны істеп қойыпты, сіз күткен әділ сотты біз де күтеміз” деп айтар еді. Үндеуде солай айтар еді, Топан судың тасуын, Қаңтарды айтып әңгіме қылмас еді” дейді Перизат Нұрымова.

Ол видеодағы ақсақалдарды бұрын көрмегенін, олар алдына келмегенін атап өтті.

“Ол ауылда ақсақал жоқ, қатын-қалаш билей ме деп қалдым. Бізді әкең тұрып, балаң жүгіріп шықпасын, анаң тұрып, қызың сөйлемесін деп тәрбиелеген. Ал оларда түн жамылып әйелдері келіп, бетін бүркеп, жүзін жасырып келгені дұрыс емес. Санасы болса, неге жарық кезде келмейді. Әлде ол ауылдың ақсақалдары ауылында тұрып, ауылын мақтауға ғана шамасы жете ме” дейді ол.

Бүгін Талғар ауданы Рысқұлов ауылында (бұрынғы Хутор) шамамен 60 шақты адам жиналып, видеоүндеу таратты. Видеодағы ауыл үлкендері “ауылымыз ұйымшыл, ал Хасан осы ауылдың бірлігіне, тірлігіне шапқылайды. Мектепке көмектеседі. Мешітке де. Шапқылап жүрген жігітті қаралап жатыр” деген.

Шерзат Болаттың өлімінен кейін ұсталған күдіктілер дәл осы ауылдың балалары екені, олар басында осы Хасан есімді адам тұрған қылмыстық топқа жақын адамдар екені хабарланған.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. 

Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.

12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.