Солтүстік Корея Ресейге қару жіберді: АҚШ алаңдаулы

Ілияс Бақыт

АҚШ Солтүстік Кореяның әскери қызметшілерін Украинадағы соғысқа жібергені туралы хабарламаларға алаңдаушылық білдіріп отыр. Ақ Үйдің ресми өкілі бұл ақпарат расталса, Мәскеу мен Пхеньян арасындағы әскери ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсететінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz BBC қызметіне сілтеме жасап.

Ашық дереккөзден

ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ АЙЫПТАУЫ

Осы аптада Украина президенті Владимир Зеленский Солтүстік Кореяның әскерилерін Украинадағы майданға жібергені туралы айыптады, бұл туралы оған украиналық арнайы қызметтер мәлімет бергенін мәлімдеді. Кремль бұл мәлімдемелерді «жалған жаңалық» деп атады.

АҚШ ТАРАБЫ НЕ ДЕЙДІ?

АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Шон Саветт бұл жағдай расталса, Ресейдің соғыс алаңында ауыр шығынға ұшырап жатқанын және Солтүстік Кореямен ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсететінін атап өтті. Саветттің айтуынша, бұл Ресейдің Украинадағы жағдайының күрделеніп, шарасыз күйге түсіп жатқанын да білдіреді.

МӘСКЕУ МЕН ПХЕНЬЯН НЕ ДЕЙДІ?

Сонымен қатар, АҚШ Солтүстік Кореяның Ресейге баллистикалық зымырандар мен артиллериялық оқ-дәрілер жеткізгенін мәлімдеген. Алайда, Мәскеу мен Пхеньян бұл айыптауларды жоққа шығарады.

УКРАИНА БАРЛАУ ҚЫЗМЕТІНІҢ ДЕРЕКТЕРІ

Украина әскери барлау қызметінің деректері бойынша, Ресей армиясы Солтүстік Корея азаматтарынан шамамен 3 мың адамнан тұратын бөлімше құруда. Бұл бөлімше Шығыс Сібірде, Улан-Удэ қаласында орналасқан. Бұл «Солтүстік Корея батальоны» Курск облысына жіберілуі мүмкін, онда Ресей әскерлері Украинаның Қарулы Күштерінің шабуылдарын тойтаруда.