Мас күйінде көлікпен екі жасөспірімді қағып, балағаттаған жүргізуші сыра алуға кетіп қалған

Freepik

Сот жол жиегінде келе жатқан екі жасөспірімді мас күйінде көлігімен қағып кеткен жүргізушіні 1,5 жылға бас бостандығынан айырды. Ол оқиғадан кейін балаларды балағаттап, оқиға орнынан кетіп қалған. Жол апатына дейін ер адам төрт бөтелке сыра ішіп, үстінен тағы сыра алу үшін дүкенге бет алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы «Диапазон» басылымы жазды. Сондай-ақ жүргізушіге 10 жыл бойы көлік басқаруға тыйым салынды.

Мән-жай

Жол апаты жазда «Дружба» бау-бақша ұжымы аумағында болған. Ер адам Chevrolet Cobalt көлігімен жол жиегінде келе жатқан екі жасөспірімді қағып кеткен. Олардың бірі басынан ауыр жарақат алған.

Зардап шеккен баланың анасының айтуынша, жол апатынан кейін ұлында болашақта эпилепсия ауруы пайда болуы мүмкін. Екінші жасөспірім аяғын жарақаттап, екі апта бойы гипспен жүрген.

Ол және тағы бір куәгер сотта жүргізушінің балаларды қағып кеткеннен кейін оларды балағаттап, оқиға орнынан кетіп қалғанын айтқан.

Жүргізуші не деді?

Ер адам кінәсін толық мойындаған. Оның айтуынша, балалар кенеттен жолға шығып кеткен. Ол оларды айналып өтпек болып, көлікті оңға бұрғанымен, абдырап қалған.

Ал жасөспірімдер жолға жүгіріп шықпағанын, жол жиегімен келе жатқанын айтқан.

Сот жүргізушіні жол қозғалысы ережелерін бұзып, адамның денсаулығына ауыр зиян келтіргені және жол апаты болған жерден кетіп қалғаны үшін кінәлі деп таныды.

Зардап шеккен баланың анасы моральдық шығын үшін 7 миллион теңге өтемақы талап еткен. Алайда сот 3 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарды.