Адамдарды 255 млн теңгеге алдаған: кезекті қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сотталды

Ғалиасқар Думан

Алматыда «HitBeatMusic» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ҚМА

МӘН-ЖАЙЫ

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, залал сомасы – 255 млн теңге

“Алаяқтар өздерін канадалық компанияның акционері және иесі ретінде таныстырып, музыкалық инвестициялық жоба қызметіне іс жүзінде қатысы жоқ компанияның акцияларын сатумен айналысқан. Осылайша, салымшылардың қаражатын тартып, енгізілген соманың 10-нан 15% - на дейін пайдасын уәде етті. Келтірілген залал сомасы 255 млн теңгені құрайды” деліген агенттік хабарламасында.

ЖАЗА

Айыпталушылар сот үкімімен кінәлі деп танылып, 5 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған.

ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫНА ҚАРСЫ КҮРЕС 

Агенттік әлеуметтік желілерге талдау жасау барысында биыл қаржы пирамидаларының белгілері бар 10,5 мыңнан аса сайт сілтемелерін бұғаттаған.

“WhatsApp”, “Telegram” және “Instagram”-да 292 чат бұғатталған. Осылайша, 2 млн астам әлеуетті салымшылардың қаржылық шығындарының алдын алды. “Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл” арнайы жобасы жүзеге асырыла бастағаннан бері «Qnet», «World Business Consulting», «Finiko» «Antares»/«Antares Trade», «Sincere Systems Group»/«S-Group», «Hermes LTD», «Life is good», «Chia Tai Tianding»/«Chia Tai Pharmaceutical» «Energy Eolus Oazqstan»/«Eolus»  сияқты елде жұмыс істейтін қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімшелерінің ұйымдастырушылары жауапкершілікке тартылды” дейді агенттік мамандары.