Президент әкімшілігінде көлік және логистика саласына жауапты шенеунік қызметінен кетті

Ақорда

Қазақстан Президенті әкімшілігінде кадрлық өзгеріс болды. Көлік-логистика саласын дамыту бөлімінің меңгерушісі қызметінен Азамат Кескінбаев босатылды. Тиісті өкімге Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Азамат Кескінбаев кім?

Азамат Кескінбаев 40 жаста. Ол Түркістан облысы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Мәскеу мемлекеттік университетін «Математика» мамандығы бойынша бітіріп, кейін Мәскеудегі Жоғары экономика мектебінде экономика магистрі дәрежесін алған. 2025 жылы Назарбаев университеті мен Дьюк университетінің бірлескен Executive MBA бағдарламасын аяқтаған.

Еңбек жолын Мәскеуде бастап, биржалық саудаға арналған алгоритмдерді әзірлеумен айналысқан. Кейін Қазақстанға оралып, «Қазпоштада» бірнеше департаментті басқарған.

2020-2022 жылдары ForteBank-те қаржылық талдау саласында жұмыс істеген. Одан кейін қайтадан «Қазпоштаға» оралып, қаржы жөніндегі басқарушы директор қызметіне тағайындалған және компания басқармасының құрамына кірген.

Президент әкімшілігіне 2025 жылғы 23 желтоқсанда келген. Осылайша, кейінгі қызметінде бір жылға да жетпей жұмыс істеді.

Контекст

Еске салайық, 3 қарашада Қазақстанның көлік министрі ауысты. Нұрлан Сауранбаев 2025 жылғы маусымнан бері атқарған қызметінен босатылды. Оның орнына Әсел Жанасова тағайындалып, оған премьер-министрдің орынбасары лауазымы да берілді. Бұған дейін ол Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Кадрлық өзгерістер Тоқаевтың жолдауынан кейін көп ұзамай болды. Президент онда автомобиль жолдарының жағдайы мен шекарадағы өткізу бекеттеріне қатысты сын айтқан еді.

Мемлекет басшысы жергілікті жолдарды қоса алғанда, автомобиль жолдарының сапасына бақылауды күшейтуді және автомобиль өткізу бекеттерін қайта жаңғыртуды 2027 жылы аяқтауды тапсырды.

Сондай-ақ теміржол бағыттарын дамыту, әуежайлар салу және тасымал саласын цифрландыру міндеттерін атады.

Сізге қызық болуы мүмкін