«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Маңғыстау облысы әкімдігінің сұранысы бойынша 1 қарашаға дейін өңірге жем-шөпті жеңілдетілген тарифпен жеткізеді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, 2021 жылдың 20 қыркүйегінен бастап 2021 жылдың 31 қазан аралығында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС – «Маңғыстау ЖК бөлімшесі» филиалының стансасында жұмыс қызу жүргізіледі. Республикалық қатынаста әмбебап меншікті вагондармен бидай кебегін, құрама жемді, арпаны, астық қалдықтарын, күнжараны, жемшөп ұнтағын, тамақ өнеркәсібінің қалдықтарын тасымалдау мынадай тәртіппен есептеледі:
«0,01 коэффициенті дегеніміз – төмендетілген жеңілдік тарифі. Тасымалдау тізімінің сомасы белгіленген есептеу тәртібіне сәйкес жүргізіледі. Яғни 0,01 коэффициенті тасымалдаушының тізімінде көрсетілген жүктің санына көбейтіледі. Нәтижесінде жеткізілген тауардың ең төменгі есебі шығады”, - делінген хабарламада.
Мысалы, құрама жем тиелген вагон Қостанай-Маңғыстау бағыты бойынша жіберілетін болса, стандартты тарифтер бойынша тасымалдау құны шамамен 420 мың теңгені құрайды. 0,01 төмендетілген жеңілдікті тарифпен есептеулер бойынша осы маршрут бойынша жеткізу сомасы шамамен 100 мың теңге болмақ.