Харрис vs Трамп: 17 миллион азамат алдын ала дауыс беріп үлгерген

Ілияс Бақыт

АҚШ-та 17 миллионнан астам азамат пошта арқылы бюллетеньдерін жіберіп, мерзімінен бұрын дауыс берді. АҚШ-та президенттік сайлау 5 қарашада өтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

АЛДЫН АЛА ДАУЫС БЕРГЕН

ВВС дерегінше, миллиондаған америкалық қазірдің өзінде АҚШ президентінің сайлауына қатысып үлгерді. Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, 17 миллионнан астам сайлаушы пошта арқылы бюллетеньдерін жіберіп немесе алдын ала ашылған сайлау учаскелерінде дауыс берген.

АЛДЫҢҒЫ САЙЛАУ ТУРАЛЫ

Төрт жыл бұрын, пандемия кезінде өткен президенттік сайлауда 100 миллионнан астам адам мерзімінен бұрын дауыс берген болатын. Сарапшылардың пікірінше, биылғы жылы ерте дауыс берудің танымалдығы сайлаушылардың әдеттерінің өзгергенін көрсетеді.

ДЕМОКРАТТАР БЕЛСЕНДІ

2020 жылы алдын ала дауыс беру мүмкіндігін екі есе көп демократтар пайдаланды, бұл сарапшылардың пікірінше, Демократиялық партия кандидаты Джо Байденнің жеңісіне ықпал еткен болуы мүмкін.

Биыл да демократтар белсенді, бірақ республикалықтардың да мерзімінен бұрын дауыс беруі күрт өсті, бұны бірнеше маңызды штаттардағы дауыс беру деректері растап отыр.

АҚШ-та президент сайлауы 5 қарашада өтеді. Елдің жоғарғы мемлекеттік лауазымы үшін Республикалық партияның кандидаты – бұрынғы президент Дональд Трамп пен Демократиялық партияның кандидаты – қазіргі вице-президент Камала Харрис бақ сынап жатыр.