«Қазақ болайық»: қазақшаға жүйрік украин қызы көптің ықылысына бөленді

Ілияс Бақыт

Видео әлеуметтік желіде көптің ықылысына ие болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Видеодан скриншот

Видеоны әлеуметтік желіге “Қазақстан халқы ассамблеясының” баспасөз хатшысы Назерке Оңғар жүктеген. 

Бейнеде орамды қазақ тілімен көпті тамсандырған Жамбыл облысы, Меркі аудандық аналар кеңесінің өкілі Ольга Власенько екен.

Тәжірибелі ұстаз өзі секілді қазақ ұлтына келін болған украин қызын көріп елжіреп кеткен.

“Анатасия мен сияқты украин қызы екен. Өзімнің сіңілім. Өте жүрегім лүпілдеп тұр. Айтайын дегенім басқа ұлт өкілдері біз Қазақстанда тұрғандықтан біз өзіміздің туған жеріміздің тілін білуге біз міндеттіміз. Қалай десеңіз олай деңіз. Қазақ тілі өте бай тіл. Не деген салт-дәстүр. Не деген ұлттық тағамдар. Сіздер жеген құрт біздің Қостағаннан басқа еш жерде жоқ. Мен өзім де құрт жасаймын. Сондықтан барлығымыз қазақ тілін үйренейік. Қазақ болайық. Еліміздің атын бар әлемге танытайық. Елдің барлығы бізге қызығып қарайтын болсын. Жамандық болмасын. Бірлігіміз жасасын. Бейбітшілік болсын”, – дейді Ольга Власенько.

Осындай тілек арнаған ол сіңлісіне “жолымды берсін” деп басындағы орамалын жабады. 

Жүрекке жылу сыйлаған видеоға азаматтар жағымды пікірін қалдырып жатыр.