Заңгер, Ұлттық құрылтай мүшесі Айгүл Орынбек ұсталғаны туралы ақпараттан кейін желіде жазба ажариялап, жағдайы жақсы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОРЫНБЕК НЕ ДЕЙДІ
Заңгер сыбайласқан жемқорлықпен күрес жолында кедергілер мен жала жабу болып тұратынын айтады. Сөзінше, оны жемқорлар мен сыбайласқандар өздерінің қылмыстары ашылмас үшін жасайды.
“Қоғам белсендісі болған күннен бастап, маған жала мен қаншама қылмыстық іс ашылып, қылмыстың құрамы болмаған соң жабылған! Шыны керек басымнан өтіп жатқан қылмыстық істердің, соттардың бірде біреуін халықпен бөліспегем. Ел алдында жүрген соң, әр ашылған іске сорам ағып жылап жүрсем, халықтың болашаққа деген үміті үзіледі емес пе? Мен өзімнің жасаған әрбір іс-әрекетім заңды екеніне нық сенімдімін” дейді заңгер.
МЕНДЕ БӘРІ ЖАҚСЫ
Айгүл Орынбек реформа болуы үшін әрекет болуы керектігін, ал әрекеттер кедергісіз болмайтынын жеткізді.
“Осыншама халықтың, мені қолдағанын оқып қуанып отырмын. Мені қолдауға жиналудың қажеті жоқ, менде бәрі жақсы. Арқамда мен үшін жиналатын бір қауым ел барына көздерің жетті ма?! Маған қатысты заңсыз іс -әрекет жасағандар, аяғымнан шалғысы келгендер, жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауап бересіңдер! Өмір – күрес, күрес арқарай жалғасады” деді ол.
ТАРАҒАН АҚПАРАТ
Кеше журналист Михаил Козачков телеграмм арнасында ұлттық құрылтай мүшесі, белгілі заңгер Айгүл Орынбекті полиция ұстады деген ақпарат таратты.
“Қазір ол полицияда. Оның аты «Алаяқтық», «Сотқа дейінгі өндіріс мәліметтерін жария ету» және «Сот төрелiгiн жүзеге асыруға және сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзуге кедергi жасау» баптары бойынша тіркелген қылмыстық іс аясында аталып отыр”, – деп жазды телеграмм арна.
Ulysmedia.kz тілшісі мән-жайды анықтамақ болып заңгерге қоңырау шалғанында әңгіме бірнеше секундқа ғана созылды. Сол аралықта заңгер ақпаратты терістеп, “бұл жалған, жалған ақпарат таратқандарды жауапқа тартам” деп айтып жатқанында әңгіме үзіліп кетті. Материал шыққанға дейін заңгер қайтара шалынған қоңырау мен мессенджердегі сауалымызға жауап бермеді.
Арада бір сағаттай уақыт өткенде Шымкент қалалық полиция департаменті ақпаратты жоққа шығарды.
“Шымкент қаласының полиция департаменті Айгүл Орынбекті ұстамағанын хабарлаймыз”,- деп жазды Шымкент қаласының ПД.
Осыдан кейін Михаил Козачков телеграмм арнасындағы жазбасын өшіріп тастады.
АЙГҮЛ ОРЫНБЕК
Айгүл Орынбек – Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген. Ұлттық құрылтай мүшесі, Қазақстан президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңес мүшесі. Кәсіпкер, заңгер, блогер.