Испаниядағы футбол турнирі үшін ата-аналардан 24 млн теңге алған адам сотталды

Ulysmedia коллажы

Астанада балаларды халықаралық футбол турниріне апаруды сылтау етіп, ата-аналарды алдаған адам сотталды. Алаяқ тоғыз жәбірленушіден 24 млн теңгеден астам ақша алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Іс материалдарына сәйкес, сотталған адам ата-аналарға жас футболшылардың Испанияға «барлығы қамтылған» тарифімен баратынын айтқан. Ол турнирге қатысу жарнасы, әуе билеттері, визалық қызметтер, балаларды алып жүру және спорттық киім сатып алу шығындарын төлеу үшін ақша жинаған.

Алайда іс жүзінде ол алған міндеттемелерін орындамаған. Жиналған қаражатты өз қалауы бойынша жұмсаған.

Сот тоғыз жәбірленушіге келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 24 млн теңгеден асқанын анықтады.

Сот үкімімен алаяқ 3 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылды. Келтірілген залалдың толық сомасы сотталған адамнан өндірілді.

Прокуратура ата-аналарға балаларды шетелдегі спорттық жарыстарға жіберу кезінде сақ болуға кеңес берді. Ұйымдастырушылардың өкілеттігін, турнирге ресми шақырудың, келісімшарттардың, әуе билеттері мен броньды растайтын құжаттардың бар-жоғын алдын ала тексеру қажет.

Құқық қорғау органдары тек ауызша уәдеге сеніп, ірі көлемдегі ақшаны бермеуге үндеді.