Тоқаев Қарағанды облысының әкіміне сөгіс жариялады

Ғалиасқар Думан

Президент Қ.Тоқаев Ермағанбет Бөлекбаевке сөгіс жариялады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылыту маусымына дайындық жұмыстарына тиісінше бақылау жасамағаны үшін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевқа сөгіс берді” делінген Берік Кәлидің жазбасында.

Ермағанбет Бөлекбаев Қарағанды облысын 2022 жылғы 8 желтоқсаннан бері басқарады.

Бұған дейін Қарағанды облысы Саран қаласының әкімі дер кезінде қаланы жылумен қамти алмағаны үшін қызметінен қуылған.

“Қарағанды облысы әкімінің өкімімен Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қалада жылу беру маусымын бастай алмағаны үшін атқаратын қызметінен босатылды”, – деп жазылған ресми хабарламада.

Саран қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Мақсат Қайрешов уақытша қала әкімінің міндетін атқарады.

ЖЫЛУСЫЗ ҚАЛА

Қалада 12 жылдан астам уақыт бойы салынып жатқан жаңа қазандық іске қосылған сәтте-ақ қаланың жартысы жылусыз қалған. Тұрғындар бірінен кейін бірі әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, күн суытса да жылусыз отырғандарын ашына айтқан.