Бартер: КХДР Ресейге көмектескені үшін тонналап күріш алады

Ғалиасқар Думан

КХДР Ресей-Украина соғысына оқ-дәрі мен әскер жібергені үшін Мәскеуден жылына шамамен 600-700 мың тонна күріш пен ғарыштық технологиялар алып отрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Оңтүстік Кореяның Korea Herald газеті Оңтүстік Кореяның Ресейдегі бұрынғы елшісі  Ви Сон Лакке сілтеме жасап хабарлауынша, Мәскеу Пхеньянға жылына 50-100 мың тонна күріш жеткізсе, енді бұл көрсеткіш 600-700 мың тоннаға дейін ұлғая түспек.

АСТЫҚ ТАПШЫЛЫҒЫ

Ви Сон Лактың айтуынша, Солтүстік Корея жылына шамамен 4 миллион тонна астық өндіретінін мәлімдегенімен, бұл елге жыл сайын шамамен 1 миллион тонна астық жетіспейді. Осылайша, Ресейден келетін көмек Пхеньянға астық жетіспеушілігінің жартысынан көбін жабуға көмектеседі.

Солтүстік Корея билігінің мәліметі бойынша, Ресей Пхеньянға жаңа барлау спутнигін іске қосуға дайындықта ғарыштық технологиялармен де қолдау көрсетіп жатыр.

СОҒЫСТАҒЫ ӨЗАРА ҚОЛДАУ

Алайда бұрынғы елшінің пікірінше, Мәскеумен келісімнің ең маңызды бөлігі – КХДР-дің Корей түбегінде соғыс басталған жағдайда Ресейдің әскери қолдауына сенім арту мүмкіндігі.

«Енді барлығы білетіндей, Солтүстік Корея Ресейдің жағында соғысқа қатысуда. Егер Корей түбегінде соғыс бастала қалса, Солтүстік Корея Ресейдің көмекке келуіне үміт арта алады», — деп атап өтті елші.

Украина мен Батыс елдері билігінің мәліметіне сәйкес, КХДР Ресейге шамамен 10 мың әскери жіберген, олар жақын арада Ресей-Украина соғысына қатысуы мүмкін. Киев пен Батыс астаналарында Пхеньян Ресейге артиллериялық снарядтардың ірі партиясын жеткізгені туралы да айтылуда.

Жақында Ресей президенті Владимир Путин Солтүстік Корея әскерінің Ресейге келуін жоққа шығармады. Ол тараптардың жақында жасалған серіктестік келісімі аясында қажетті деп тапқан салада ынтымақтасатынын мәлімдеГЕН.