Талғардағы “Хутор” ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі делінген Хасан Қасымбаевтың қамалуына негіз болған істегі жәбірленушінің анасы мен адвокаты баспасөз жиынын өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жәбірленуші Арман Әлімовтың анасы қылмыстық әрекет 2021 жылғы 17 маусымда болғанын айтады. Сөзінше, баласы Арман пен Хасан Қасымбаевтың арасында жанжал болған.
ЖАНЖАЛ СЕБЕБІ
Жәбірленушінің анасының сөзінше, “Хуторский” тобы мен “Аватский” топтарының арасында жанжал болған. Осы жанжалда Арман Әлімов екі топтың арасына от жағып жүр, бір-біріне шағыстырған деген әңгіме тарайды.
“Осы кезде “Хуторский” жігіттері ұлыма “Хасаннан кешірім сұра, алдына жығыл” деп айтқан. Бұған келіспеген ұлым “алдына баратындай Хасан деген кім, мен ешкімнен кешірім сұрауға міндетті емеспін, оны білмеймін, білгім де келмейді” деп аудиохабарлама жолдаған. “Хутор” жігіттері ол аудионы Хасанның өзіне жөнелтіп, осыдан Хасанның Арманға тіс қайрауы басталды” дейді жәбірленушінің анасы.
Анасы осыдан бастап “Хутор” жігіттері ұлымның ізіне түсті дейді. Түнге қарай үйінің маңын торуылдап, Арман үйден шыға алмай қалған. Оны түнде қолға түсіру мүмкін болмағандақтын, тапа-тал түсте ұстауға бел шешкен.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ОҚИҒА
Сөйтіп 2021 жылы 17 маусымда бірінеше адам Арман Әлімовты дүкеннің алдынан ұстап алып, ұрып-соғып, көлікке салып, қала сыртына апарып тағы сабаған.
Жәбірленушінің анасы ол жерде қылмыскерлердің әрқайсысының өзіне бөлінген рөлі болғанын айтады.
“Бірі ұлымды сабаса, екіншісі оны видеоға түсірген, үшіншісі телефонмен сөйлесіп, Хасаннан нұсқау алып отырған, төртіншісі алдыңға ерегестер бойынша бірдеңелерді көрсеткен. Артынша Хасан Қасымбаев оқиға орнына келіп, ұлымның жағдайын көріп, оны сол жерде қалдырып кетіп қалған. Артынша Арман кіші ұлыма хабарласып, мән-жайды айтып, өзі такси шақырған. Кіші ұлым төбелес болған дүкеннің алдына барып, ағасының велосипедін алып кетпек болған. Сол кезде дүкен иесімен сөйлесіп қалып, кездейсоқ төбелестің видео жазбасы барын естіп, оны өзіне жібертіп алған” дейді ол.
ТЕРГЕУ
Жәбірленуші Арман Әлімовтың анасы баласын ұрып-соққаннан кейін де қысым тоқтамағанын айтты. Сөзінше, баласы Талғар аудандық ауруханасында жатқанда полиция қызметкерлері оны арыз жазбауға үгіттеген. Алайда Арман мен оның жақындары шу шығара бастағаннан кейін ғана арыз қабылданған. Ал інісі ағасына тыныштық бермейді деп, Талғар аудандық ауруханасынан шығарып алып, Алматыдағы облыстық ауруханаға алып кеткен.
Бастапқыда іс “бұзақылық” бабымен қозғалған. Дүкен алдында түсірілген видео іс материалдарына қосылмаған. Тек жәбірленуші тарап әлеуметтік желіде жазып, қоғамдық резонанс тудырғаннан кейін ғана видео материалдарға алынған. Жәбірленушінің анасы сол кезде адвокат жалдауға жағдайы болмай, өзі жүгіргенін айтады. Жүгіріп жүріп видеодағы көлікті, оның жалған нөмірмен жүргенін анықтаған.
СОТ ШЕШІМІ
Талғар аудандық соты бұзақылық бабы бойынша тек үш адамды жауапқа тартып, күдіктілерді сот залынан босатып жіберген. Жібірленушілер бұған келіспей апелляцияға берген.
Істі қарап жатқанда күдіктілер одан да ауыр қылмыс жасап, бір адамды өлтіріп, екіншісін мүгедек қылған.
Осыдан кейін ғана іс орнынан қозғалып, тағы екі күдікті анықталды.
“Ақырында ұлыма ауыр дене жарақатын салып, ұрлап кеткені үшін бұрын сотталған екі адам 10 жыл, сотталмаған екеуі 9 жыл, Арманды ұрғаннан кейін адам өлтірген күдікті 22 жылға сотталды” дейді жәбірленушінің анасы.
Жәбірленуші тарап тапсырыс беруші деп санайтын Хасан Қасымбаев таза шыққан.
Бұнымен келіспеген жәбірленушінің анасы Қасымбаевты жауапта тартуды талап етіп, қақпаған есігім жоқ дейді. Өзі барған адамдардың ішінде Талғар ауданының экс-прокуроры Ескендір Бекмановты, Алматы облысы Полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Рустам Әбдірахмановты, сондай-ақ Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиаевты атады. Сөзінше, үшеуі де жағдайымен танысқан соң мәселені реттейтінін айтып шығарып салған. Тіпті облыс әкімінің қабылдауынан кейін әділет орнайтынына сенімді болып, көңілді шыққанын айтады. Алайда бұл кездесулердің ешбірі жалпы жағдайға еш әсер етпеген.
ҚАЙТА ҚОЗҒАЛҒАН ІС
Жәбірленушінің анасы үміт үзілді ме деп жүргенде 1 қараша күні ұлып Қонаев қаласына полиция департаментіне үш жыл бұрынғы іс бойынша жауап алуға шақырған. Арман Әлімов сол жерде тапсырыс беруші Хасан Қасымбаев екенін айтып, 2 күні Қасымбаев қамауға алынған.
Бүгін де Әлімовтың әулетін полиция күзетеді.
Адвокат Әлішер Алишев адвокат Хасан Қасымбаевқа тағылған адам ұрлау (ҚК 125 бабы), денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру (ҚК 106 бабы) айыбы бойынша 7-8 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтады.
ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ХАБАРЛАМАСЫ
Хасан Қасымбаев 2 қараша күні 2021 жылғы маусымда болған іс аясында ұсталған. Ол А. есімді азаматтың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, оны ұрлады деген күдікпен ұсталғандардың бірі. Хасан Қасымбаевтан өзге қылмыскерлер қазіргі уақытта жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жатыр.
Хасан Қасымбаевтың есімі Талғардағы 16 жастағы Шерзаттың қазасынан кейін қаладағы бұзақылық, қылмыстық істердің артында тұрған басты адам, “Хутор” ҰҚТ-ның жетекшісі ретінде айтыла бастады. Алайда ресми органдар мұны терістеп, Талғарда ешқандай қылмыстық топ жоқ, аталған оқиғалар бойынша күдіктілердің Хасан Қасымбаевпен байланысы анықталмады деген. Хасан Қасымбаев та көпшілікке үндеу жолдап, өзінің қандайда бір қылмыстық әрекеттермен байланысын жоққа шығарған. “Хасанды” қорғап үндеу жасаған ауылдастары оны қайырымды, ауылға, мұқтаж адамдарға белсене қол үшін беретін адам ретінде сипаттаған. Жуырда қоғамдық резонансқа айналған істен кейін Хасан Қасымбаевтың ағасы Аслан Қасымбаев Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметінен босатылған.