Бүгін – академик Карл Байпақовтың туған күні

Қалижан Бектемір

Бүгін (1940-2018) ғалым, тарихшы-археолог, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Берлиндегі Неміс археологиялық институтының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері Карл Байпақовтың туған күні, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: egemen.kz

Ол Алматы облысы Талғар қаласында туған. Ленинград мемлекеттік университетін бітірген.

1963-1989 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының аспиранты, ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары болды. 1989-1991 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты Археологиялық орталығының жетекшісі қызметтерін атқарады. 1991-2010 жылдары Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының директоры қызметін атқарды. 2011-2016 жылдары «Қазақстан археология қоғамы» ҚБ төрағасы болып жұмыс істеді. 

2016-2017 жылдары Мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының міндетін атқарушы, 2017-2018 жылдары Ә. Марғұлан атындағы Археология институты урбанизация және номадизм бөлімінің меңгерушісі болды. Қазақстанның орта ғасырлық тарихын, қала мен дала арасындағы байланысты зерттеп, ғылымда жаңа бағытты дамытты.

40-тан аса монография, археологияға байланысты 4 оқу құралы, 4 мектеп оқулығы, 12 альбом және 500-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. Бірнеше халықаралық конференцияларға қатысып, ЮНЕСКО ұйымдастырған «Жібек жолы» халықаралық экспедициясына Қазақстан тарапынан жетекшілік етті. ЮНЕСКО-ның Орта Азия тарихымен айналысатын халықаралық ғылыми комитеті мен «Ұлы Жібек жолы» Қазақстан ұлттық комитетінің мүшесі, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. «Парасат» орденімен және медальдармен марапатталған.