«Көк толқын» әсері: АҚШ-тағы саяси өзгеріс Қазақстанға нені ұқтырды

Ulysmedia.kz коллажы

АҚШ Конгресіне сайлау өткен күні Қазақстанда мәслихат депутаттығына үміткерлердің үгіт-насихат науқаны басталды. Америкалық сайлау қазақстандықтардың қызу талқысына түскенімен, өз еліміздегі саяси науқан жұртшылықтың назарын аудара қойған жоқ.

АҚШ-тағы аралық сайлауда республикашылдардың жеңілісі әлемге, соның ішінде Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? Америкалық сайлау тәжірибесінен қандай сабақ алуға болады? Ulysmedia.kz тілшісі саясаттанушылармен бірге саралап көрді.

АҚШ саясатында не өзгереді?

АҚШ-та Конгресс сайлауы екі жыл сайын, президенттік мерзімнің ортасында өтеді. Бұл кезде Өкілдер палатасының барлық 435 мүшесі және Сенаттың шамамен үштен бірі қайта сайланады. Бұған қоса, кейбір штаттарда губернаторлар мен жергілікті заң шығарушы органдардың құрамы жаңарады.

Бұл жолы демократтар айтарлықтай басымдыққа ие болды. Сарапшылар бұл нәтижені «көк толқын» деп атап отыр. Демократтар соңғы жүз жыл бойы республикашылдарды қолдап келген штаттардың өзінде жеңіске жетті. Сенатта олар кемінде 54 орын иеленсе, республикашылдар 44 орынға ие болды. Ал Өкілдер палатасында дауыстардың басым бөлігі саналған сәтте демократтардың еншісінде кемінде 228 орын, республикашылдарда 139 орын болды.

Осылайша, АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп бастаған республикашылдар Конгрестің қос палатасындағы басымдығынан айырылды. Демек, 2027 жылғы 3 қаңтардан бастап Ақ үйге заң жобаларын Конгресс арқылы өткізу, әсіресе оларды қаржыландыру мәселесінде келісімге келу әлдеқайда қиындайды.

- Демократтардың, әсіресе дәстүрлі түрде республикашылдарды қолдайтын штаттардағы жеңісі америкалық сайлаушылардың едәуір бөлігі Дональд Трамп әкімшілігінің саясатына көңілі толмайтынын көрсетеді. Дегенмен бұл нәтижені президентке деген жеке сенімсіздік деп қабылдауға болмайды. АҚШ-та аралық сайлау көбіне биліктің саяси бағытын түзетуге мүмкіндік береді. Мұндай кезде сайлаушылар қазіргі әкімшіліктің ықпалын шектеуге ұмтылады. Енді АҚШ-та «бөлінген билік» деп аталатын жағдай қалыптасады. Яғни Ақ үй мен Конгресс әртүрлі саяси күштердің бақылауында болады, - дейді Гарвард университетінің түлегі, халықаралық қатынастар және АҚШ мәселелері жөніндегі сарапшы, Numen Intelligence компаниясының негізін қалаушылардың бірі Талғат Қабдығали.

Талғат Қабдығали. Фото: спикердің жеке мұрағатынан

Бұл жағдай Трамптың ішкі саясаттағы жоспарларын жүзеге асыруын қиындатып, әкімшіліктің жұмысына Конгресс тарапынан бақылауды күшейтеді.

Дегенмен халықаралық саясат жөніндегі сарапшы, Astana IT University проректоры әрі басқарма мүшесі Сағит Бәкіровтің айтуынша, Трамп – Конгрестің қос палатасы қарсы саяси күштердің бақылауына өткен тұста президенттік мерзімінің екінші жартысын өткізуге мәжбүр болған алғашқы америкалық президент емес.

- АҚШ-та аралық сайлау дәстүрлі түрде қазіргі әкімшіліктің жұмысына берілген баға іспетті өтеді. Көбіне мұндай сайлауда президенттің партиясы парламенттегі орындарынан айырылады. Обама, Клинтон, кіші Буш тұсында да осындай жағдай болған. Бұл жолы саяси басымдықтың ауысуы айқынырақ байқалды. Демократтар Айдахо, Айова, Канзас және Техас сияқты дәстүрлі республикашыл штаттарда жеңіске жетті. Бірақ Дональд Трамп демократтармен де жұмыс істейтінін мәлімдеді. Демек, оның саяси бағыты жалғаса береді, - дейді Бәкіров.

Сарапшының айтуынша, АҚШ президентінің Конгресте өз ұстанымын қорғауға мүмкіндік беретін бірнеше құралы бар. Соның бірі - вето құқығы. Сондықтан «көк толқынның» ықпалымен Вашингтонның сыртқы саясаты түбегейлі әрі күрт өзгереді деп күтудің қажеті жоқ.

Қазақстан мұнайының бағасына қауіп бар ма?

Америкалық сайлаудың нәтижесіне әлемдік нарықтар да бірден назар аударды. Мұнай бағасы күрт арзандады. 4 қарашада Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 8,7 пайызға арзандап, 94,62 долларға түсті. Ал америкалық WTI мұнайы 8,3 пайызға арзандап, 88,12 доллар болды. Келесі күні де құлдырау жалғасып, Brent бағасы 94 доллардан төмендеді.

Инвесторлар демократтар Трампты Иранмен бейбіт келісімге келуге мәжбүрлейді деп болжайды. Мұндай жағдайда Ормуз бұғазы ашылып, әлемдік нарықтағы мұнай тапшылығы азаюы мүмкін.

Қазақстан үшін мұнай бағасының өзгеруі тікелей экономикалық мәнге ие. Өйткені мұнайдан түсетін кіріс елге шетел валютасының келуіне және мемлекеттік бюджеттің толығуына ықпал ететін негізгі көздердің бірі. Сондықтан бағаның уақытша төмендеуінің өзі бюджетке әсер етуі мүмкін. Талғат Қабдығали да осыған назар аударды.

- Демократтардың жеңісі мен әлемдік мұнай бағасының арасында тікелей байланыс жоқ. Мұнай нарығына Таяу Шығыстағы ахуал, ОПЕК+ шешімдері, әлемдік экономиканың жағдайы және АҚШ-тың санкциялық саясаты әлдеқайда көбірек әсер етеді. Дегенмен Конгрестің жаңа құрамы Вашингтонның энергетикалық саясатына бюджет шешімдері, заңнамалық шектеулер және әкімшіліктің жұмысын бақылау арқылы ықпал ете алады. Қазақстан үшін негізгі қауіп демократтардың жеңісі емес, мұнай нарығындағы құбылмалылық болып қала береді. Әлемдік бағаның төмендеуі экспорттан түсетін кірісті, салық түсімдерін және мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктерін шектейді, - дейді сарапшы.

Ал Сағит Бәкіровтің пікірінше, Таяу Шығыстағы қақтығыс Қазақстан үшін уақытша қалыптасқан қолайлы нарықтық жағдай ғана. Оның есебінен отандық бизнес пен бюджет аздап пайда көргенімен, мұны бюджетті жоспарлаудың негізгі шартына айналдыруға болмайды. Үкімет мұны жақсы түсінеді.

Сағит Бәкіров. Фото: спикердің жеке мұрағатынан

- Біздің бюджетіміз қорғалған, ол мұнайдың консервативті бағасы негізінде жасалған. Сондықтан тәуекел үстемесінің төмендеуі бюджеттің орындалуына қауіп төндірмейді. Мұнай үнемі жоғары бағасын сақтап тұрады деп ойлауға болмайды. Бюджетті алдағы уақытта да сақтықпен жоспарлау керек. Яғни қосымша кіріс түссе, оны бұрынғыдай Ұлттық қорға бағыттаған дұрыс, - дейді ол.

Сарапшы Қазақстан үшін мұнайдың әлемдік бағасымен қатар, оны сыртқы нарыққа жеткізу мүмкіндігі де маңызды екенін атап өтті. Бұл туралы жуырда «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов те журналистерге айтқан болатын.

- Иә, мұнай бағасы өсті. Бірақ сонымен бірге оны тасымалдау құны да едәуір қымбаттады, - деген еді ол.

АҚШ-тың Қазақстанға қатысты саясаты өзгере ме?

Дональд Трамп билікке келген екі жыл ішінде Орталық Азияның, соның ішінде Қазақстанның геосаяси маңызына бірнеше рет тоқталды. Енді демократтар Конгрестегі басымдыққа ие болған соң, Вашингтонның бұл өңірге қатысты ұстанымы өзгеруі мүмкін бе?

Саясаттанушылардың пікірінше, АҚШ-тың Қазақстанға қатысты саясаты күрт өзгереді деуге негіз жоқ. Өйткені Американың өңірдегі мүддесі ұзақ мерзімді әрі нақты экономикалық және геосаяси басымдықтарға негізделген.

- Екіжақты қарым-қатынас күрт нашарлайды дей алмаймын. Қазақстан географиялық орны, энергетикалық ресурстары, маңызды минерал қоры және транзиттік әлеуеті арқылы АҚШ үшін елеулі геоэкономикалық маңызға ие. Оның үстіне Конгрестегі демократтардың ықпалы артуы өзара байланыс орнатудың қосымша мүмкіндіктерін ашуы ықтимал. Қазақстан Ақ үймен және Мемлекеттік департаментпен ғана емес, Конгрестегі екі партиямен де тікелей байланыс орнатуы қажет, - дейді Талғат Қабдығали.

Сарапшының айтуынша, келіссөздердегі негізгі мәселелер қатарында Транскаспий халықаралық көлік бағыты, энергетика, инвестиция және жеткізу тізбегін әртараптандыру бар.

Сағит Бәкіров те Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынаста елеулі өзгеріс болады деп ойламайды. Оның сөзінше, екі елдің ынтымақтастығы АҚШ-тағы қос партияның да қолдауымен дамып келеді.

- C5+1 форматы 2015 жылы демократтар билік еткен тұста іске қосылды. Ал кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы келісімге 2018 жылы республикашылдар билігі кезінде қол қойылды. Қазір де осы сабақтастық сақталып отыр. C5+1 саммитінің қорытындысы бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы келісімдердің жалпы сомасы шамамен 17 миллиард доллардан асты. Сондықтан екіжақты қарым-қатынаста елеулі өзгеріс болады деп ойламаймын. Энергетика, маңызды минералдар, логистика, ғылым, жоғары білім және цифрлық технологиялар екі ел үшін де ұзақ мерзімді басымдық саналады. Бұл мүдделер сайлау науқанына тәуелді емес, - дейді ол.

Саясаттанушылардың пікірінше, америкалық сайлаудың нәтижесі Астана үшін Вашингтонмен қарым-қатынасты қайта қарауға себеп емес, дипломатиялық байланысты жан-жақты нығайту қажеттігін көрсететін белгі. Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатын жалғастыра отырып, АҚШ-тағы екі партиямен де жұмыс байланысын сақтауы керек. Сонда саяси ахуалдың өзгеруі екі елдің бірлескен жобаларына белгісіздік тудырмайды.

АҚШ Конгресі Қазақстан мәслихаттарына қандай сабақ бере алады?

Тікелей салыстырар болсақ, АҚШ Конгресін Қазақстанның мәслихаттарынан гөрі Құрылтайға көбірек ұқсатуға болады. Дегенмен егемен ел халқының өз аумағында өтетін алдағы сайлаудан гөрі әлемдегі ең ықпалды мемлекеттердің бірі саналатын АҚШ-та өтіп қойған сайлауға көбірек назар аударуы тосын көрінеді. Google Trends деректері де осыны аңғартады: америкалық Конгреске қызығушылық артқан тұста Қазақстандағы мәслихат сайлауы жұртшылық назарынан тыс қалған.

Қазақстандық саясаттанушылардың пікірінше, америкалық сайлауға қызығушылықтың жоғары болуы заңды. Өйткені АҚШ-та билікке кім келетініне қарай әлемдік шикізат бағасы мен бірқатар мемлекетке қатысты Вашингтонның саясаты өзгеруі мүмкін.

Ал мәслихаттарға деген қызығушылықтың төмендігін Талғат Қабдығали олардың қоғам өміріндегі ықпалымен байланыстырады. Оның пікірінше, мәслихаттар ішкі саясаттағы пәрменді институтқа айналғанда ғана халықтың оларға деген ықыласы артады.

- Мәслихаттардың рөлін күшейту үшін депутаттардың жергілікті бюджеттердің орындалуын бақылау мүмкіндігін кеңейту, шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын арттыру және атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейту қажет, - дейді ол.

Сағит Бәкіровтің пікірінше, мәслихаттардың ықпалын арттыру үшін бірнеше шарт орындалуы керек.

- Біріншіден, жергілікті бюджеттердің мүмкіндігін кеңейтіп, қаржы саласындағы өкілеттікті орталықтан өңірлерге нақты беру қажет. Екіншіден, депутаттардың кәсіби деңгейін көтеріп, оларға сарапшылық қолдау көрсету керек. Үшіншіден, жұмыс ашық болуы тиіс: сессиялар тікелей көрсетіліп, бюджет түсінікті жасалып, тұрғындармен кері байланыс жолға қойылуы қажет. Негізі, қазірдің өзінде осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Алдағы сайлауда жасақталатын жаңа мәслихаттардың тұсында бұл жұмыс одан әрі күшейеді деп ойлаймын, - дейді саясаттанушы.

Алайда оның айтуынша, тағы бір маңызды жайт бар. Оған қазір бірден ықпал ету мүмкін емес.

- АҚШ Конгресі бүгінгі деңгейіне жету үшін екі ғасырлық жолдан өтті. Саяси салмақ жылдар бойы, бірінен соң бірі қабылданған шешімдердің нәтижесінде жиналады. Ал біздің мәслихаттардың құрылғанына әлі 40 жыл да болған жоқ. Сондықтан бәрі біртіндеп қалыптасады, - дейді Бәкіров.

Саясаттанушылардың пікірінше, кез келген сайлауға деген қызығушылықты жоғарыдан күштеп қалыптастыру мүмкін емес. Америкалық сайлаудың тартымдылығы әлемдік нарық пен халықаралық саясатқа ықпал етуімен ғана шектелмейді. Оның тағы бір ерекшелігі – сайлаушының дауысы биліктегі күштердің ара салмағын өзгертіп, билікті халық таңдауымен санасуға мәжбүрлей алады.

Қазақстандағы мәслихат сайлауы да осындай ықпалға ие екенін көрсетпейінше, миллиондаған қаржы жұмсалатын үгіт-насихат науқаны сайлаушылардың шынайы қызығушылығын оята алмайды.