Астанада өрттен көз жұмған төрт баланың өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Сырым Қаржас

Астанада жер үйдегі өрттен көз жұмған төрт баланың өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жасанды интеллект/Ulysmedia

Қалалық полция департаменті іс ҚР ҚК 292-бабы (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша жүргізілгенін хабарлады.

– Балалардың қазасына апарып соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына байланысты ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу нәтижелері тексеру аяқталғаннан кейін жарияланады, – делінген хабарламада.

Қайғылы оқиға жайлы бүгін белгілі болған. Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Астанада екі қабатты жеке тұрғын үйде шатыр жартылай құлап, өрт болған. Құтқарушылар хабарлама келіп түскеннен кейін өрт орнына 6 минутта жеткен. Өрт алдын ала 500 шаршы метр алаңда оқшауланып, толығымен сөндірілген. Өрт салдарынан 2011, 2015, 2021 және 2022 жылы туған төрт бала қаза тапты.