Ұйықтап жатқан әйелге тиіскен әкім бостандықта қалды

Ғалиасқар Думан

Жетісу облысы Ақсу ауылдық округінде түн ішінде бөтен үйге терезеден кіріп, ұйықтап жатқан әйелдің денесіне қол жүгірткен әкімге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Видеодан скриншот

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Сот материалдарына сәйкес, тамыз айында ауыл әкімі мен әкімдік қызметкері жәбірленушінің үйіне терезе арқылы заңсыз кіріп, жәбірленушіге әдепсіз әрекеттер жасауға тырысқан. Әйел бөтен адамның бар екенін байқап, далаға қашып шыққан. Сол жерде әкімдік қызметкерімен бетпе-бет келген.

ҮКІМ

“Сот бұл әрекеттерді "шағын ауырлықтағы қылмыс" деп танып, әрқайсысына бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Айыпталушылар тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды, әрқайсысына бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды" – делінген хабарламада.

Іс жәбірленушінің үйіне заңсыз кіру және жеке басына құрметсіздік көрсету жағдайларын қамтығандықтан, шағын ауырлықтағы қылмыс ретінде қарастырылғаны айтылды.

Қыркүйек айында Жетісу облысына қарасты Ақсу ауылдық округінің тұрғыны әкімнің әдепсіз әрекетіне шағымданған. Сол кезде ол процесс әділ өтетініне күмән келтіріп, жағдайды жұртшылыққа жайған. Сондай-ақ жәбірленуші айып "тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу" бабы бойынша ғана қойылғанына наразылық білдірген. Жәбірленуші шенеуніктерге қатысты одан да ауыр айыптауды күткен. Ол әкім әрекеті арқылы моральдық зиян келтірді, жеке кеңістігімді басып кірді деп санайды.