Батыс Қазақстанда өрт кезінде екі бала терезеден секірген

Қалижан Бектемір

Батыс Қазақстан облысында пәтерлердің бірінен өрт шығып, кішкентай екі бала көпқабатты үйдің терезесінен секірген. Ал оларды төменде тұрған ер азаматтар қағып алған. Әлеуметтік желіде осындай көрінісі бар видео тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: БҚО ТЖД

ӘЙЕЛ ЕКІ БАЛАСЫН ТЕРЕЗЕДЕН ЛАҚТЫРҒАН

Облыстық ТЖД мәліметінше, Ақсай қаласында көпқабатты үйдің төртінші қабатындағы пәтерден өрт шыққан. Өрт сөндірушілер қоңырау түскеннен кейін 3 минут ішінде оқиға орнына барған. Өрт 60 шаршы метр аумаққа таралған. ТЖД қызметкерлері 12 адамды, оның ішінде 7 баланы қауіпсіз жерге шығарған.

Өрт сөндірушілер келгенше, анасы жанып жатқан пәтердің терезесінен екі баласын төменде тұрған көршілеріне лақтырып жіберген. Біз арнайы баспалдақтар арқылы алдымен балалардың анасын, кейін қалған тұрғындарды құтқардық. Барлығы 12 адам қауіпсіз жерге көшірілді, - деп хабарлады ТЖД өкілдері.

Өрт сағат 9:47-де сөндірілген.

ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ АУЫР

Сондай-ақ облыстық Денсаулық сақтау департаменті өкілдері де оқиғаға қатысты пікір білдіріп, өрттен үш адам зардап шеккенін, олардың жағдайы ауыр екенін айтты.

Таңғы сағат 09:20-да "103" қызметіне Ақсай қаласы, 10-шағынауданда орналасқан үйден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Жедел медициналық жәрдем бригадасы зардап шеккендерді Бөрлі аудандық ауруханасына жеткізді. Қазір 2020 және 2016 жылы туған екі ер бала мен 1981 жылы туған әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары ауыр, қажетті ем алуда, - деді ДСБ.