Балабақшалар қазақ балаларын орыс тілінде тәрбиелеп жүр – Дулыға Ақмолда

Сырым Қаржас

Белгілі театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық әртісі Дулыға Ақмолда ұлттық идеологияға қатысты пікір білдіріп, балабақшадағы тәрбие, тіл мәселелерін сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

stan.kz

Халық әртісі smagulm-ға берген сұхбатында өзі тұратын үй жақтағы жеке-меншік балабақшада қазақ балаларын көбіне орыс тілінде тәрбиелейтіне қынжылтатынын жеткізді. 

“Көктемде, жазда таң атпастан балаларды орыс тілінде жаттығу жасатып жатқан дауыстары естіліп жатады. Тәрбиешілерінің бәрі орысша сөйлейді. “Раз, два, ноги. Раз, два, руки”. Где руки? Давайте, веселые руки!” деп айқайлап жатады. Барсаң, бәрі қазақтың кіп-кішкентай балалары”, дейді актер.

Осыған күйінген актер соларға “Неге қазақша сөйлемейсіңдер?” деп бір ауыз айтпақ түгілі есігіне ешкімді маңайлатпайтынын айтты.

“Көрдіңіз бе, ұлттық идеология деп отырғаным осы. Осылардың бәрі қадағалануы керек. Бұған заң органдары кірісуі керек шығар. Қазір кімнің немен айналысып жүргенін білмейтін болдық қой. Көшеде біреу таяқ жеп жатса кімге хабарласып, кімді шақыратынымызды да білмей қалдық. Сондай заман болды. Бұдан да өтерміз енді. Тезірек өтсек екен”, дейді Дулыға Ақмолда.

Актер сондай-ақ осындай мәселелерді қолға алып, кезінде тіл жанашырлары жап-жақсы бастамаларымен шыққанын, алайда Үкімет тарапынан қолдау болмағандықтан, аяқсыз қалғанына да алаңдаушылық білдірді. 

“Әрине, қазір де бар күресіп жүргендер. Бірақ олар да бір күні таяқ жейді. Қашанғы елмен алыса береді дейсіз. Сондықтан тіл мәселесін түзеуді балабақшадан бастауымыз керек. Тілді үйретіп қана қоймай, сол тілдің түпкі негізі қайда жатыр, оның мәдениеті мен әдебиеті қайдан басталады, соны біліп өсуі керек”, дейді Халық әртісі Дулыға Ақмолда.

Еске сала кетсек, былтыр Республика күні қарсаңында Президент Жарлығымен бір топ азаматпен бірге Дулыға Ақмолда да мемлекеттік наградамен марапатталып, Халық әртісі атағын алған еді.