Арқан тартыстан республикалық турнир өтті

Ғалиасқар Думан

Астана қаласындағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде ұлттық спорт түрлерін қолдау қоры «Ұлттық спорт қорының» қолдауымен ҚР арқан тартыс федерациясының ұйымдастыруымен республикалық ашық турнирі өтті. Республикамыздың түкпір-түкпірінен 20 команда жиналып, өзара айналмалы жүйе бойынша тартысқа түсті.

Фото: «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» баспасөз қызметі

Алғаш боп 560 келі салмақта тартысқа әйелдер түсті. Өзара 5 кездесу өткізіп, финалда жеңіске жеткен астаналық «Барыс» командасы болды. 720 келі салмақ дәрежесінде ешкімге есе жібермеген Шығыс Қазақстан облысының құрамасы болса, 1000 келі салмақ дәрежесіндегі алтын жүлде де шығыстықтардың қанжығасына кетті.

Жандос Қоныспаев, турнирдің бас төрешісі:

Бұл турнирге алғаш рет 1000 келі салмақ дәрежесін қостық. Нәтиже жаман емес, 7 команда жиналды. Эмоцияға толы, тартысты бәсекенің куәсі болдық. 1000 келіде жақсы командалардың барын байқадық. Алдағы уақытта да бұндай турнирлерді жиі ұйымдастырады деген ойдамын. Ұйымдастырған ҚР арқан тартыс федерациясына және ұлттық спорт қорына алғыс шексіз.

Еркебұлан Ильясов, Қазақстан Республикасы арқан тартыс федерациясының президенті:

5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кейінгі арқан тартыстан өтіп тұрған ең ірі турнир осы болды. Командалардың барлығы өте жақсы дайындықпен келген. Әсіресе Шығыс пен Батыс Қазақстан облыстарының құрамалары ерекше көзге түсті. Алдағы уақытта арқан тартыстан өтетін халықаралық жарыстарға да шығу ойда бар. Арқан тартыстың болашағы жарқын, жоспарымыз көп.

Жеңімпаздар мен жүлдегердер ҚР арқан тартыс федерациясының атынан жүлделі марапат пен кубокқа ие болды. Алтын жүлде иеленгендер 500.000 теңге алса, күміс жүлдеге 300.000 теңге, ал қола жүлдеге ие болғандар 200.000 теңге сыйақы алды.