Араласпай кеткен досым өкпесін айтқанда отыра қалып жыладым – Алмат Сақатов

Сырым Қаржас

Актер Алмат Сақатов бір жылдары "жұлдызды ауруға" шалдыққанын мойындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

Qazaqstan арнасына берген сұхбатында актер Алмат Сақатов бір жылдары «жұлдызды аурумен» ауырып, досынан айырылып қала жаздағанын мойындады.

– Ол кезде досым көп. Бильярд ойнап отырғанмын. Айналада қыз-қырқын. Дастархан жаюлы, жігіттер қасыңда, арқаңнан қағып қояды, айтқан сөзіңнің бәрі күлкілі. Қазір ешкім күлмейді ғой. Ол кезде анегдат айтсаң құлай беретін. Сөйтіп отырған кезде Ержан Алматыға отбасымен келеді де маған қоңырау шалады. Мен алам «бұл кім?» деймін. Ержан «мен» дейді. «Қазір звандаймын» деймін де, ұмытып кетем, болды. Ал ол отбасымен Алматыға келеді. Жағдай нашар кез еді, – дейді ол.

Ержан досына Алмат сол күйі хабарласпай кеткен. Досы қатты өкпелеп қалған.

– Бес-алты жыл өкпелеп жүреді. Мен түсінбеймін. Жауап бермейді. Қоңырау шалсам, көтермейді. Содан кейін барып, біреулер «саған ренжіп жүр» деп айтты. Бір күні досымыздың қызының тойына барған кезде тура қарама-қарсы отырдым да, «не болды?» дедім. Ол мені сөзбен соқты. «Мынау болған, мынау болған» деп тұрып... Жыладым анау жерде отырып алып! «Ренжімеші, кешірім сұраймын» деп, – дейді ол.

Сол әңгімеден кейін актер досымен достасып, 15 жылдан бері бірге келе жатырмыз дейді.