Ақмола облысында өртенген үйде екі бала қаза тапты

Сырым Қаржас

Ақмола облысындағы Шұбарағаш ауылында екі бала өз үйінде электр сымының қысқа тұйықталуынан кейін болған үйдің бықсып жануынан жиналған түтінге ыстанып қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Nayzakokshe.kz сайтына сілтеме жасап.

Ашық дереккөзден

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Қайғылы оқиға 1 желтоқсан күні түскі уақытта болған. Сайттың мәліметінше, 2017 және 2021 жылы туған балалар ажал құшқан. 

«Алдын ала мәлімет бойынша, қайғы жеке үйге электр тоғының тұйықталуы мен түтіннің салдарынан келген. Бұл отбасының өзге елден көшіп келген қандастар екені белгілі болды. Отағысы бір апта бұрын шетелге Моңғолияға кеткен. Қысқа тұйықталу орын алған кезде аналары үй шаруасымен сыртқа кеткен», деп жазады басылым.

Естеріңізге сала кетейік, 17 қарашада Астанада екі қабатты жеке тұрғын үйден өрт шыққан болатын. 2011, 2015, 2021 және 2022 жылы туған төрт бала қаза тапқан. Астана әкімдігі қаза болған балалардың туыстарына қолдау көрсетілетініне уәде берді.

Астананың Төтенше жағдайлар департаменті өрттен кейін қылмыстық іс қозғады. Өрт кезінде балалар үйде жалғыз болған деген болжам бар. Тараған ақпарат бойынша, анасы оларды жалғыз өзі өсірген және өрт кезінде жұмыста болған.

Қостанай облысының Амангелді ауданында көмірқышқыл газынан уланған 4 адам – үш бала мен атасы қайтыс болды.