Жамбыл облысында медицина саласының сапасы артуда

Ғалиасқар Думан

Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласының сапасы жыл сайын жақсарып келеді. Бүгінде облыста 392 денсаулық сақтау нысаны халыққа қызмет көрсетіп отыр. Ал, биыл 3,9 миллиард теңгеге 26 нысанның құрылысы басталған. Оның ішінде 20 медициналық-санитарлық нысан, яғни 4 дәрігерлік амбулатория, 10 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 медициналық пункт «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасымен жүргізіліп келеді.

Көрнекі сурет

Жуырда өңірлерді дамыту бағдарламасымен 136,4 миллион теңгеге Жамбыл ауданы, Қоңыртөбе ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункт ашылды. Сонымен қатар, Қайыңды ауылында жоба құны 249,2 миллион теңгені құрайтын 15 келушіге арналған фельдшерлік-амбулатория ашылып, ел игілігіне берілді. Облыстағы денсаулық сақтау саласына күрделі шығындарына жалпы сипаттағы трансферттер есебінен жыл сайын 1,48 миллиард теңге бөлінеді. Биыл жұқпалы аурулар ауруханасын күрделі жөндеуге 775 миллион теңге, психикалық денсаулық орталығына 705 миллион теңге қарастырылды. Орта мерзімді перспективада Байзақ, Қордай, Жуалы аудандық ауруханаларының құрылысы, Меркі, Шу және Талас ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарлануда.

– Облысымызда бірқатар емдеу мекемелерін салу жоспарланып, жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Атап айтсам, Тараз қаласында Асқаров көшесінің соңынан 400 төсектік орынға арналған көпбейінді ауруханаға 12 гектар жер, 250 төсек орынға арналған перинаталдық орталыққа 5,7 гектар жер, 350 төсек орынға арналған жұқпалы аурулар ауруханасына 7 гектар жер бөлінді. Жедел-медициналық жәрдем стансасын салуға жергілікті бюджеттен 35,2 миллион теңге қарастырылды. Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында 250 адамға арналған емхана мен 200 төсектік ауруханасы тұрғызылды. Облыстың медициналық қызметін жақсарту мақсатында «Ақылмандар кеңесінің» құрамы бекітіліп, саладағы өзекті мәселелер шешімін тауып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің Инновациялық технологияларды енгізу туралы бұйрығының негізінде Үздік тәжірибе орталықтары құрылып, бүгінде Меркі, Жамбыл, Талас, Қордай аудандық орталық ауруханаларында және Тараз қаласындағы №2 және №5 қалалық емханасында іске қосылып, жұмыс атқаруда. Медициналық ұйымдарда «Қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс» тетігі жобасы енгізіліп, халықпен тығыз жұмыс істеді. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасынан «Ахуалдық орталық» ашылды. Сонымен қатар, барлық медициналық ұйымдарда науқастарды қолдауға бағытталған Call орталығы қызмет етеді. Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері және халық белсенділерін тарта отырып, бастапқы медико-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың көпшілігінде 30-дан астам халық кеңесі құрылды, – дейді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев.

Ерік Тілләбекұлының айтуынша, ауылдық елді мекендердің географиялық-аумақтық ерекшеліктеріне және шалғайлығына байланысты қауіптерге сәйкес жүкті және босанған әйелдерге медициналық көмек көрсету және маршрутын қайта құру үшін ана мен бала өлімін азайтудың 2023-2024 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген. Медицина қызметкерлерін перинаталды көмек көрсетуге бағытталған диагностика, емдеу және алдын алу бойынша клиникалық хаттамаларды талдау үздіксіз жүргізіледі. Босандыру қызметін көрсететін мамандары тәжірибелік дағдылары мен біліктіліктерін арттыру үшін шетелдерде тағылымдамадан өткізілген. Ресейде 26 маман, Түркияда 27 маман оқып, білімін жетілдірген. Антенатальды күтім, ұрықты құрсақішілік бақылауды күшейту мақсатында 80-ге жуық дәрігердің қатысуымен біліктілік семинарлары мен курстар ұйымдастырылған.

Шалғай елді мекендерде орналасқан халықты қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында облыста 10 жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетуде. Биыл барлығы 289 елді мекенді қамту жоспарланған болса, 8 айдың ішінде 239 елді мекен қамтылған. Жоспарланған елді мекендерде барлығы 131 753 тұрғынды медициналық тексерумен қамту жоспарланған. Биылғы 8 айда 32643 диагностикалық зерттеулер, 5374 зертханалық тексеру, 105206 бейінді мамандардың консультациясы көрсетілді. Тұрғындарды қарау барысында 3582 науқас анықталыпты.