Жоғарғы сот орамал таққан балаларды мектепке кіргізбеу заңсыз деген шешім шығарды

Қалижан Бектемір

Жоғарғы сот орамал тағуына байланысты балаларды мектепке кіргізбеу туралы іс бойынша шешім шығарды. Ата-аналар жалпы білім беретін мектептің әрекетіне шағымданып, талап қойған болатын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚ

Сот білім алу құқығы Қазақстан азаматтарының негізгі конституциялық құқықтарының бірі екенін атап өтті. Осыған орай, апелляциялық соттың шешімі қолдау тапты, ал Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың бұрынғы шешімі күшін жойды. Нәтижесінде талап қою қанағаттандырылды.

Айта кету керек, сот барысында білім беру мекемесінде орамал тағудың заңдылығы арнайы қарастырылған жоқ. Мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту Оқу-ағарту министрлігінің құзырында қалады. Министрдің бұйрығы әлі де заңды күшінде.

АТА-АНАЛАР МЕКТЕП ЕРЕЖЕЛЕРІН ОРЫНДАУҒА МІНДЕТТІ

Сонымен қатар, ата-аналар мектеп ережелерін, оның ішінде мектеп формасына қатысты талаптарды орындауға міндетті. Егер ата-аналар бұл міндеттерді елемесе, заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуы мүмкін, - делінген хабарламада.

Осындай істер Атырау, Қарағанды, Павлодар және Түркістан облыстарының соттарында да қаралып, ұқсас шешімдер қабылданған.

ХИДЖАБ МӘСЕЛЕСІ

Қазақстанда оқушы қыздарға мектепте хиджаб немесе орамал тағып баруға бола ма деген мәселеге нүкте қойылар емес. Қазір де ақпарат кеңістігінде Жоғарғы соттың мектепке орамал таққаны үшін бара алмаған оқушы қыздың ісі тағы үлкен талқыға айналды. Зайырлы мемлекетте бұл пікірталастардың себебі неден шығып отыр? Діни киімге рұқсат берудің салдары болуы мүмкін бе? Ulysmedia.kz осы сұраққа жауап іздеп көрген.

Жоғарғы соттың оқушы қыздың құқығын қорғаған шешімі бұқаралық ақпарат құралдарын жалт қаратқан еді. БАҚ-тың бәрі "Қазақстан мектептерінде орамал тағуды жақтаушылар бітпес дауда жеңіске жетті", "орамалмен мектепке баруға болады" деп жарыса жазды. Келесі күні Жоғарғы сот орнынан "шоршып түскендей" екінші ақпаратты таратты. Ресми мәлімдемеде құзырлы орган әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы білім беру мекемесінде орамал тағудың заңдылығы туралы мәселені талқыламағаны көрсетілген.

Кассация сатысы мектептің оқушыны сабаққа жібермеуін заңсыз деп таныды, өйткені білім алу құқығы Қазақстан азаматтарының негізгі конституциялық құқықтарының бірі, – деп түсіндірді сот.

АҚ ОРАМАЛ ТАРИХЫ

Бесінші сыныптағы оқушының анасы Дина Омарова Ақсай қаласының үшінші мектебі және оның директоры Ғұмар Әжіғалиевпен соттасқан. Оның қызы Сафия Исатай 2023 жылдың 1 қыркүйегі мен 8 қарашасы аралығында "сеніміне сай" орамал тағып жүргендіктен мектепке кіргізілмеген. Ата-ана бірнеше рет мектеп әкімшілігіне баланың білім алу құқығындағы шектеулерді жою туралы өтініш түсірген, бірақ нәтиже болмаған.

Бірінші сатыдағы сот әйелдің талабын қанағаттандырмаған. Апелляция шағымында ол қызының орамалы діни атрибут емес, ұлттық киім – кимешек екенін түсіндірген. Бірақ сот алқасы ақ орамалдың діни маңызы бар екенін және оны кию міндетті мектеп формасы ережелерін бұзады деп тапқан. Ақыры, сабаққа қатысудан бас тарту заңды деп танылған.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада оқушы қыздың әкесі мектепте орамал тағу тыйымын жоюды талап етіп, сотқа жүгінген болатын.