Шерзат Болаттың ағасы өзіне қол салды

Сырым Қаржас

Шерзат Болаттың ағасы өзіне қол салды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ПОЛИЦИЯНЫҢ МӘЛІМЕТІ

Талғардың шетінде кәмелетке толмаған адамды өлтіру ісімен байланысты ер адамның денесі табылған.

– Талғар қаласының маңынан 30 жастағы ер адамның денесі табылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылып, өз-өзіне қол салған.  Марқұм биыл 4 қазанда көз жұмған, кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың ағасы екені анықталды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір барлық жайды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы уақытта қылмыстық сипаттағы қандай да бір белгілер анықталмады, - делінген полиция хабарламасында.

Полиция марқұм Ш. Болаттың отбасы полицейлердің қорғауында болғанын атап өтеді.   

– Осы уақытқа дейін марқұмның отбасына төнген қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің түсіндірмелеріне сәйкес, ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да шығып кетіп, жеке автокөлікпен кеткені анықталды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жариялауға жатпайды, - делінген хабарламада.

Шерзат Болат тарапының адвокаты Саида Тәуекелова көз жұмған адам – Нұрқанат Ғайыпбаев екенін хабарлады.

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.