Бүгін, 13 желтоқсан күні, Маңғыстау облысында «Ақтау – Бекет ата – Ақтау» бағытындағы жаңа туристік маршруттың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шарада облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай алғашқы сапарға шыққан жолаушыларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
- Бүгін қасиетті мекенге апаратын жаңа туристік маршрутты іске қосып отырмыз. Бекет ата мешіті – рухани құндылықтарымыздың алтын қазығы. Бұл жоба Маңғыстау өңірінде тарихи-мәдени туризмді дамытуға және қасиетті мекендерге қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Баршаңызға сәтті сапар тілеймін! – деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Жаңа бағыт аясында туристік автобус аптасына жеті күн бойы үздіксіз қызмет көрсетеді. Жолаушыларды тасымалдау үшін сыйымдылығы 51 орындық, жайлы және заманауи Yutong маркалы автобустар пайдаланылады. Автобустарда сапардың ұзақтығын ескере отырып, санитарлық торап (дәретхана) қарастырылған.
Маршруттың бастапқы нүктесі – Ақтау қаласының 26-шағынауданында орналасқан облыстық орталық «Бекет ата» мешіті жанындағы автотұрақ. Автобус таңғы сағат 07:00-де жолға шығып, Оғыландыдағы «Бекет ата» мешітіне жеткізеді. Қайтар уақыт сол күнгі кешкі сағат 17:00-ге белгіленген.
Туристік бағытқа билет құны ересектер үшін бір бағытқа – 1500 теңге, ал 7-18 жас аралығындағы балалар үшін – 750 теңге.
Жолаушылар тасымалын ұйымдастырушы – «Caspian Trans Corporation» ЖШС.