Қара жолдардың жағдайы қанағаттанарлық деп саналмауы керек – депутат

Ғалиасқар Думан

Мұндай бастаманы мәжілістегі үкімет сағатында депутат Нұртай Сабилянов көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

Коллаж Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙЫ

Депутат көлік министрлігінің деректері бойынша қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдар 87 пайызды құрайтынын айтады. Алайда жергілікті жолдардың тек 31 мың шақырымында немесе 44 пайызында асфальт-бетон жабыны төселген. Ал қалған 39 мың шақырымында немесе 56 пайызында қиыршық, ұсақ тастар мен топырақ төселіп жатыр.

НЕ ҰСЫНЫЛЫП ОТЫР

Осы ретте депутат қиыршық, ұсақ тастар мен топырақ төселген жолдарды қанағаттанарлық жағдайдағы жолдарға жатқызбау үшін автожолдардың сапасын бағалау өлшемшарттарын қайта қарау қажет деп санайтынын жетізген. 

Оның пайымынша бұл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының нақты жай-күйі туралы білуге мүмкіндік береді.

ЖОЛ САЛУДЫ БАҚЫЛАУ

Сондай-ақ ол «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» мен Жол активтері сапасының ұлттық орталы қызметіне өзгеріс енгізу керек деп санайды. Қазіргі норма мүдде қайшылығын тудырады деген депутат аталған мекемелер өзі салған жолды өзі тексеріп, өзі бақыламауға тиістінін атап өтті.

“Мемлекет 100% қатысатын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы автомобиль жолдарының Ұлттық операторы болып табылады. Бірақ ол бір уақытта 2 функция атқарады, атап айтқанда, автомобиль жолдарын салу және оларды реконструкциялау, жөндеу мен күтіп-ұстаудың ұйымдастырылу барысы мен сапасын бақылау. Яғни, ол жолды өзі салып, өзін-өзі бақылайды екен.

Осындай жағдай Жол активтері сапасының ұлттық орталығында да орын алуда, ол жобаларға ведомстволық сараптаманы өзі жүргізеді, таңдау түріндегі құрылысқа ұсыныстарды өзі береді және мердігер ұйымдардың жұмысынан кемшіліктерді өзі табады. Сөйтіп, мүдделер қақтығысы туындайды. Ал мемлекеттің стратегиялық міндеттерін іске асыру кезінде бұған жол берілмеуі тиіс” дейді депутат.

Сонымен қатар депутат жергілікті техникалық қадағалау қызметтері жұмысының әлсіздігі байқалатынын, олар атқаратын жұмыстардың сапасы үлкен наразылық тудырып, техникалық қадағалау функциялары формальды түрде орындалатынын айтады.