Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте қазақстандық ұялы байланыс операторлары жаңа жылдан бастап қызмет құны қаншаға өсетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
10 пайыздан басталады
Ұялы байланыс операторлары қызмет құнын 10 пайыз және одан да жоғары көтеруді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Beeline мен Izi тарифтерді орта есеппен 10 пайызға қымбаттатпақ. Kcell және Activ бағаларды 10-12 пайызға өсіреді. Ал Altel мен Tele2 тарифтерді кемінде 10 пайызға, бірақ 15 пайыздан асырмай көтеруді көздеп отыр.
Қымбаттау себебі
Ұялы байланыс операторлары бағаның өсуіне бірнеше объективті себеп бар екенін алға тартты.
«КаР-Тел» ЖШС-нің (Beeline және Izi) бас атқарушы директоры Джаббор Каюмов абоненттердің наразылығын түсінетінін, алайда адамдар күнделікті өмірде мобильді байланыстың маңызын және операторлардың шығыны қаншалықты көп екенін толық бағаламайтынын айтты. Оның сөзінше, компания табысының шамамен 20 пайызы желіні жаңғыртуға жұмсалады.
«Кселл» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жамбакин де осы мәселеге тоқталды.
– Кейінгі төрт жылда компания инфрақұрылымды дамытуға 468 млрд теңге инвестиция салды. Үш жыл ішінде 4G базалық станцияларының саны бес мыңнан 11 мыңға жуықтады, – деді ол.
Бұдан бөлек, операторлар электр энергиясы мен жабдықтарға да көбірек қаржы жұмсауға мәжбүр. Бұл да тарифтердің өсуіне әсер етеді.
«Мобайл Телеком – Сервис» ЖШС (Altel және Tele2) басқарма төрағасы Александр Бабичев бағаның көтерілуін мобильді интернет трафигінің артуымен түсіндірді. Оның айтуынша, абоненттер барған сайын көп гигабайт жұмсайды. Сондықтан операторлар желілерінің өткізу қабілетін арттыруға қосымша инвестиция салуға мәжбүр.