ТЖМ апатқа ұшыраған ұшақтағы адам саны туралы түпкілікті ақпаратты жариялады

Ғалиасқар Думан

Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ бортындағы адамдар саны туралы ақпаратты нақтылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті Авариялық-құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары басқармасының бастығы Қайрат Жанаспаевтың мәліметінше, бортта бұған дейін айтылғандай 67 адам емес, 69 адам болған, оның 5-еуі экипаж мүшесі.

Сондай-ақ Қайрат Жанаспаев борттағы азаматтар туралы ақпаратты да толықтырды. Оның дерегінше, бортта 37 емес, 42 Әзірбайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Апат орнынан 28 адам ауруханаға жеткізілген, оның 2-еуі бала.

Маңғыстаудағы облыстық көпбейінді ауруханаға 26 адам түскен. 7 адам  жансақтау бөліміне жатқызылған, жағдайы ауыр.

Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына Премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.
  
ҰШАҚ АПАТЫ ЖАЙЛЫ

Еске сала кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау әуежайының маңында ұшақ құлаған еді. Оқиға орнынан видео желілерде тараған. Кадрларда ұшақ күрт биіктігін жоғалтып, құлап бара жатқаны көрінеді. Оқиға орнына арнайы қызметтер жеткен. Оқыс оқиға Сайын Шапағатов ауылында болғанын хабарланды. Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі ұшақ Баку қаласынан Грозныйға бағыт алғанын мәлім етті.

Қолда бар ақпарат бойынша ұшақ апатына оның құсқа соғылып, рульді басқаруда туған қиындық себеп болған.

Желтоқсанның аяғы қазақстандықтар үшін ірі ұшақ апатын еске салады да тұрады. Биыл Алматыдағы Bek air Fokker 100 ұшағының құлағанына 5 жыл болады. Астанаға бет алған Z92100/BEK2100 нөмірлі ішкі рейс әуе көлігі көтерілмей жатып оң жаққа күрт қисайып, артқы жағы бірнеше рет жерге тиіп, бетон қоршауды бұзған күйі әлі салынып бітпеген екі қабатты үйге соғылған.

Қайғылы жағдайдан 1996 шығарылған ұшақтағы 98 адамның 12-сі қаза тапқан.