Қаржы мониторингі агенттігінің Астаналық департаменті боди массаж түрінде жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастырған адамды ұстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Астана тұрғыны 2021-2023 жылдар аралығында заңсыз әрекетімен 2 миллиард теңге қылмыстық табыс тапқан.
Follow the money (ақшаны қадағалаңыз) параллельді қаржылық тергеу күдіктінің шоттарына туыстары мен сенімді тұлғаларының банктік деректемелерін пайдалана отырып, заңдастырудың күрделі схемалары арқылы түскен барлық қылмыстық табысты анықтауға мүмкіндік бергені хабарланды.
Қылмыстық табысты заңдастыру мақсатында күдікті өз атына ЖШС тіркеп, ауыл шаруашылығы дақылдарын сатып алып, қайта сатқан. Осылайша, ол 88,5 миллион теңгені заңдастырып, 95 миллион теңге қылмыстық табысқа қол жеткізген.
ЗАҢСЫЗ ТАБЫСҚА НЕ АЛҒАН
Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа күдікті:
- 350 млн теңгеге салынып жатқан объектідегі ауданы 500 ш. м. коммерциялық үй-жай;
- 92 млн теңгеге өз баласына күтім жасап жүрген жөніндегі жалдамалы қызметкерге тіркелген жалпы ауданы 329,1 ш.м. 5 екі бөлмелі пәтер;
- 667,5 млн теңгеге Астана қаласында жалпы ауданы 784 ш.м. жер учаскелері бар екі коттедж;
- 335,4 млн теңгеге елорданың элиталық тұрғын үй кешендерінде жалпы ауданы 292 ш.м. 2 пәтер мен тұрақ орын;
- 114 млн теңгеге G63 маркалы Mercedes Benz автокөлігін сатып алған.
Сонымен қатар, тінту кезінде 50 млн теңге мен бағалы зергерлік бұйымдар табылып, оларға тыйым салынған.
Тергеу басталғанын білген күдікті тәркілеуден жалтару үшін 5 екі бөлмелі пәтерді 143,5 миллион теңгеге қайта сатып 51,5 миллион теңге қосымша қылмыстық табыс тапқан.
СОТ ҮКІМІ
Сот үкімімен ол жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастырғаны және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырғаны үшін (ҚР ҚК 309-бап, 218-бап 3-тармағы) 6 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлікі мен пәтерлерді сату арқылы алынған ақшасы тәркіленді.
Тергеу нәтижесінде қылмыстық жолмен тапқан 2 миллиард теңгеден асатын қаражатқа сатып алынған барлық мүлік пен сол мүліктен түскен кірістері анықталып, тәркіленді.
Сонымен қатар, пәтерлердің иелері туралы жалған куәлік берген бала күтімі бойынша жалданған қызметкерге қатысты тергеу басталды.