Әлемді дүрліктіре бастаған метапневмовируске қатысты Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының (ҰҰО) басқарма басшысы Айжан Есмағамбетова жұртты алаңдатқан негізгі сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Есмағамбетованың айтуынша, 2025 жылдың 8 қаңтарында Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
"Біз эпидемиялық маусымның қызған шағындамыз. Әдетте, қаңтарда аурудың өсімі әрдайым байқалып, содан кейін ақпан айының ортасына қарай ол басылады. Қазір карантиндік немесе шектеу шараларын енгізуге негіз жоқ", деді Айжан Есмағамбетова.
Сондай-ақ ол дәрігерлер эпидемиологиялық жағдайды вирустың жиілігі мен айналымы бойынша күн сайын дерлік қадағалап отыратынын атап өтті.
Еске сала кетсек, Қытайда балаларға қауіпті саналатын жаңа метапневмовирус тарады. Ол Қазақстанда да тіркелді.