Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлеріне біліктілік беру жүйесіне бірқатар жеңілдікті шарттар енгізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығына (ҰТЕО) барғанда белгілі болды. Министр емтихан мен медицина қызметкерлерінің біліктілігін берудің жаңа жүйесімен егжей-тегжейлі танысты.
Яғни бұрынғы санат беру механизмі түбегейлі ерекшеленбек. Енді біліктілік деңгейі тек жұмыс өтілін ресми танып қана қоймай, нақты кәсіби жетістіктерді, практикалық дағдылар мен білімді бағалауға бағытталған.
“Бұл механизм сапалы медициналық көмек көрсету және дәрігерлерге, мейіргерлерге, денсаулық сақтау менеджерлеріне сенім арту үшін негізгі жағдайларды қалыптастыратын үздіксіз кәсіби өсу мен дағдыларды жетілдіруге ынталандырады”, делінген министрліктің ақпаратында.
Бүгінгі таңда республика бойынша 5000-нан астам маман бағалау рәсімінен сәтті өтіп, біліктілік деңгейлері бар сертификаттар алды және өздерінің кәсіби құзыреттерін растай отырып, еңбек қызметін сенімді жалғастыра алады.
Сондай-ақ министрлік өкілдері болашақта жүйе дамитынын, бұл Қазақстанда медициналық кадрларды оқыту мен кәсіптік даярлауда одан да жоғары стандарттарды қамтамасыз ететінін атап өтті.