Қазақстан мен Ресей энергетикалық жүйелерін біріктіреді – бұл нені білдіреді

Аян Өрібай

Мәжіліс Қазақстан мен Ресейдің энергиялық жүйелерінің қатар жұмыс істеуі туралы келісімді мақұлдады. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев "бұл қадам электрмен жабдықтау сенімділігін арттырып, елдің энергетикалық жүйесіндегі апаттар қаупін азайтуға мүмкіндік береді" деп мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

СӘТҚАЛИЕВ НЕ ДЕЙДІ

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің энергожүйелері өзара қатар жұмыс істейді. “Энергожүйенің қатар жұмыс істеуі әр елдің сенімді және тиімді жұмысының маңызды факторы” дейді ол.

Келісім жобасының негізгі мақсаты –  қатар жұмыс істеу процесінде туындайтын тараптардың өзара қарым-қатынасын рәсімдеу, сондай-ақ негізгі шарттарды айқындау. Кейінгі жылдары елімізде қуаттардың тапшылығы байқалады, осыған байланысты Қазақстан мен Ресей энергожүйелерінің шекарасында ауытқулар ұлғайа түсті. Яғни келісілген мемлекетаралық сальдосы +/- 150 МВт көлемінен едәуір асып түсті. Кейбір сағаттарда қуаттылықтың ауытқуы 1500 МВт-қа дейін жетті. Осыған орай, Ресей тарапы 2021 жылғы 15 қарашада екі елдің үкіметі арасындағы 2009 жылғы 20 қарашадағы біріңғай энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді өзектендіру мәселесіне бастамашылық жасады, – дейді Сәтқалиев.

КҮРДЕЛІ КЕЛІССӨЗДЕР ӨТТІ

Министр Қазақстан мен Ресейдің арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 23-ші отырысының хаттамасына сәйкес, келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге тапсырылғанын айтады.

Екі елдің энергетика министрліктері мен мүдделі ұйымдарының қатысуымен талқылаулар мен келіссөздер шеңберінде және бірлескен жұмыс тобы шеңберінде Қазақстан мен Ресей энергожүйесінің қатар жұмыс істеуіне байланысты мәселелерді реттеу жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданды. Екі ел мамандарының күрделі келіссөздері барысында келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі хаттама жобасының барлық даулы мәселелері бойынша консенсусқа қол жеткізілген.

Атап айтқанда, ұзақ келіссөздер нәтижесінде рұқсат етілген диапазон ішінде ауытқулар құнын ұлғайтуды қолданбау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. «KEGOC» АҚ-мен «Интер РАО» ЖАҚ арасындағы ауытқуларды өтеу мақсатында электр энергиясын сатып алу-сату жүзеге асырылатын өзекті жағдайлар көзделген. Оның ішінде, рентабельділік нормасын 2,5% мөлшерінде ауытқулардың рұқсат етілген диапазонынан тыс қолдану көзделген. Айта кету керек, бастапқыда Ресей тарапы ішкі тұтынушыларымен ұқсастығы бойынша рентабельділік нормасын 7-15% шегінде ұлғайтуды талап етті, оған қазақстандық тарап келіспеді, – дейді ол.

Ulysmedia.kz тілшісі осы келісім Қазақстанның Ресейге энергетикалық тәуелділігін туындатпай ма деп сұрамақ болған. Алайда Сәтқалиев мәжіліс кулуарынан асығыс кетіп қалды.