«Менің әйелім»: Құралай Анарбекова сталкер туралы сұмдықты жария етті

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Белгілі актриса әрі продюсер Құралай Анарбекова өзін бірнеше ай бойы сталкердің аңдығанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СТАЛКЕР КІМ?

Ол Instagram парақшасында бұл жағдайдың өзіне ауыр психологиялық соққы болғанын жазды. Оның айтуынша, басқа елдің азаматы ұзақ уақыт бойы актрисаның соңына түсіп, аңдыған. 

«Мені ұзақ уақыт бойы аңдып, маза бермеген сталкер туралы айтқан едім. Өкінішке қарай, бұл оқиға мұнымен аяқталмады. Бұл видео өткен жылы түсірілген. Ол күн сайын түсірілім алаңына келіп, қандай да бір жолмен біздің орналасқан жерімізді тауып алатын. Онымен сөйлесуге тырыстым. Бірақ өзін дұрыс ұстай алмағанын көргеннен кейін және маған бірнеше рет шабуыл жасау әрекеті болған соң, онымен ешқандай байланысқа шықпауға шешім қабылдадым. Оның үстінен бірнеше рет арыз жаздық. Ол менің бұрын тұрған мекенжайымды тауып алды. Содан кейін маған тұрғылықты жерімді ауыстыруға тура келді. Алғаш келген күні маған алғашқы шабуыл жасау әрекеті болды. Абырой болғанда, күзет қызметкерлері оны тоқтатып, сыртқа шығарып жіберді», – дейді актриса.

Таңғаларлығы, әлгі ер адам шетел азаматы болып шыққан. Оның Қазақстанға ай сайын арнайы ұшып келіп жүргені белгілі болды. Тіпті Құралай Анарбекова шетелге түсірілімге кеткен кездің өзінде артынан іздеп барған.

Актрисаның айтуынша, сталкингке қатысты заң күшіне енген соң, ол қолындағы барлық дәлелді жинап, құзырлы органдарға тапсырған. Полиция қызметкерлері одан: “Неге аңдып жүрсің?” деп сұрағанда, “Ол – менің әйелім” деп жауап берген. 

«Бір күні оның қайта келгенін түсімде көріп, шошып ояндым. Көп ұзамай ол шынымен қайта пайда болды», – деп жазды актриса.

ТАНЫСТАРЫН ДА АҢДЫҒАН

Құралай Анарбекованың сөзінше, сталкер оның таныстарын аралап, жұмыс орнына барып, қызметкерлерін де аңдыған.

«Қудалау бұрынғыдан да күшейіп кеткендей болды. Бір күннің ішінде таныстарымды аралап, үйлеріне барған, кеңсеге келген, қызметкерлерімді де бақылаған», – дейді ол.

Актрисаға бұл туралы адамдардың өздері хабарласып отырған. Айтуынша, жақындары да қатты алаңдаған. Кейін құқық қорғау органдары іске араласқан. Құралай Анарбекова полицейлердің жедел әрекет еткенін айтып, алғыс білдірді.

«Бір сағаттың ішінде тауып, ұстап, шара қолданды», – деді ол.

Актрисаның мәліметінше, кейін сот өтіп, әлгі азамат Қазақстаннан депортацияланған. Оған бес жылға елге кіруге тыйым салынған.

Сонымен қатар Құралай Анарбекова сталкингке тап болған адамдарды үндемей қалмауға шақырды.

«Мұндай адамдар психологиялық тұрғыда тұрақсыз болуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайға өте байыппен қарап, бірден құқық қорғау органдарына жүгіну керек», – деп жазды актриса.