ҚҚС-ты көтеріп, халықтың қалтасына түспей, «аға-көкелердің» мүддесін шектеу керек – Санжар Боқаев

Аян Өрібай

Азаматтық белсенді, саясаттанушы Санжар Боқаев үкіметтің қосымша құн салығының өсіру бастамасына қарсы пікір білдіріп, бюджет дефициті мәселесін реттеуде өз ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

ҚҚС ӨССЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК, ТАУАРДЫҢ БӘРІ ҚЫМБАТТАЙДЫ

Санждар Боқаевтың сөзінше, қосымша құн салығын 12-ден 20 пайызға көтеріп тастайтын болса, онда бір күнде бүкіл елімізде азық-түлік, бүкіл тауарлардың бәрі кемінде 8 пайызға өсіп, инфлцияны 15-16 пайыздан асырып жіберуі мүмкін. 

«Біріншіден, экономистердің бұл салықты кедейлер салығы деп те атайтыны жөн. Өйткені салықты ең соңғы болып төлейтін бизнес емес – соңғы тұтынушы. Өйткені бизнес бүкіл салықтың бәрін өзінің тауарларына, көрсететін қызметінің бағасына кіргізіп қояды. Ал төлейтін біз  қарапайым қазақстандықтар. Бұл салықтың өсуін жағдайы жақсы, бай адамдар мүлде сезбейді. Ал қарапайым, жағдайы нашар отбасылар, әлеуметтік-экономикалық жағдайы нашар азаматтардың қалтасына соққы болып тиетін саясат», - дейді ол.

Санжар Боқаев бизнес туралы айта келе көршілес Қырғызстан, Өзбекстан болсын, ол жердегі ҚҚС 12 пайыз деңгейінде қала беретінін, ал Қазақстанда бұл салық 16 немесе 20 пайыз болса, біздегі өндіріс компаниялардың көбі тоқтап қалуы мүмкін деп болжайды. Өйткені көршілес елдер дәл сол тауарларды шығарады, ал олардың құны Қазақстаннан гөрі әлдеқайда арзан. Сондықтан, олар Қазақстанның нарығынаа кіріп кетеді де, өзіміздің отандық өнімімізге қиыншылық туғызады деп есептейді Боқаев.

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК

Саясаттанушы осындай халыққа зиян келтіретін салықты көтермес бұрын бір бес-алты нақты қадам жасайтын болса, мұндай салықты көтермесе де болар еді дейді. Өзі ұсынған бірінші қадам – бюджетті жақсылап талдап шығу, оңтайландыру, қажет емес жұмыстардың бәрін алып тастау.

«Өйткені көбінесе «аға-көкелеріміз», үлкен шенеуніктер ішіне қажет етпейтін жұмыстардың бәрін енгізіп қойған. Олардың сметасын өсіріп тастаған. Өйткені оның әрқайсысының ішінде шенеуніктердің жемқорлық мүдделері бар. Сондықтан соларды азайту керек», - дейді ол.

ОЛАР САЛЫҚ ТӨЛЕМЕЙДІ

Белсенді екінші қадам – сол ҚҚС-тан, басқа да салықтардан босатылған қаншама үлкен олигарх, бизнесмендер көптігін айтады. Олардың компаниялары салық төлемейді. 

«Мысалы автоөнеркәсіпті алар болсақ, олар автокөлік шығарғандықтан, оларды салықтан босатамыз деп қойған. Олардың төлемеген ақшасын санайтын болсақ, ол триллиондаған ақша. Сондықтан, тиімді емес пе – істемей-ақ қойсын. Бізге, халыққа «біз автокөлік шығарып жатырмыз, сондықтан утильалым төлесін, мемлекет бізге субсидия берсін, салықтық артықшылық берсін» дегенді қою керек. Тиімсіз бе – онда істемей-ақ қойсын. Біз басқа елдерден автокөлік алып келеміз. Сол сияқты қажет етпейтін, тиімсіз субсидиялардың бәрін кесіп тастау керек деп есептеймін», - дейді ол.

ТЕНДЕР: 10 ТРЛН ТЕҢГЕ АЙНАЛЫП ЖАТЫР

Келесі қадам – бүкіл мемлекеттік сатып алу жүйесіне жақсылап талдау жүргізу. Боқаев мысалы, мемлекеттік тендер арқылы 10 трлн теңге ойнатылатынын, тағы да сол жердегі сметаларды қарағанда, оның бағасын өсіріп тастағанын айтады. Соның ішінде қажет етпейтін жұмыстарды алып тастап, бағасын төмендету керек дейді ол.

МЕМЛЕКЕТ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНІҢ САНЫН АЗАЙТУ

Саясаттанушы одан кейінгі қадам – мемлекеттік қызметтегі адамдардың санын азайту болу керек дейді. Мемлекеттік аппараттың жалпы шығындарын азайту керек деп санайды. «Ол деген де миллиардтаған ақша. Өйткені саны көп, сапасы аз шенеуніктер көбейіп кеткен. Олардың біз үшін жұмысы мүлде тиімсіз. Ондай шенеуніктер қажет емес» деп есептейді.

САЯСИ ПАРТИЯЛАРҒА ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫ ТОҚТАТУ КЕРЕК

Боқаев одан кейінгі қадам – келесі жылдағы бюджетті алар болсақ, саяси партияларға бюджеттен 10 млрд теңгеден астам ақша бөлініп қойғанына назар аударады. Барша қазақстандықтардың, салық төлеушілердің қалтасынан парламенттегі саяси партияларға 10 млрд теңгеден астам ақша бөлінген. Оны 365 күнге бөлсеңіз, күніне 28 млн теңге. «Бұл не деген ақша? Ол қаншалықты тиімді жұмсалып жатыр? Нәтижесі бар ма, жоқ па? «Аманат», «Ақ жол», басқа да партиялар сол ақша алғалы бері тиімді жұмыс істей бастады ма, жоқ па деген сұрақты қою керек. Ондай шығындар қажет емес» деп, Боқаев бұл ақшаны да қысқарту керек деп санайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Санжар Боқаев осындай қадамдарды жасаған соң үкімет қарап шықса, онда бюджетте ешқандай дефицит болмайтынын айтады. 

«Онда бюджет тиімді болып шығады. Ешқандай салықты көтерудің қажеті жоқ екеніне көздері жетер еді. Ал бізде осы қадамдарды жасамай, жүгіріп барып, қарапайым қазақстандықтардың қалтасынан ақшаны жымқырып алу дегенді қою керек», - дейді ол.